Шымкентте 4 мыңға жуық күрд тұрады. Олар қоғамдық және қайырымдылық шараларға белсене қатысып, ел бірлігін нығайтуға үлес отыр. «Қиын-қыстау кезеңде қамқор болған қазақ еліне алғысымыз шексіз», - дейді олар.
Бір шаңырақтың тұрмысында түрлі мәдениет пен салт-дәстүр әдемі үйлесім тапты. Сүлеймановтар әулетінде күрд, қазақ, орыс, татар, өзбек және грек өкілдері өзара түсінісіп, тату ғұмыр кешіп жатыр. 1937 жылы Қазақстанға жер аударылған Камал Алиұлынан ондаған ұл-қыз бен немере-шөбере тарады.
Соня Сүлейманова, қала тұрғыны:
- Мұндағы адамдар өзара татулықты сақтап, бір-біріне құрметпен қарайды. Біздің отбасымыздың мүшелері де ізгіліктің жолын ұстанады. Көршілерімізбен қарым-қатынасты нығайтып, игі іске ортақтасып жүреміз.
Отбасылық жиындарда әр халықтың ұлттық тағамы дайындалады. Ет асылып, палау, гердол, чак-чак және пахлава сияқты тәттілер дастарханға қойылады. Өнерлі жандар дәстүрлі ән-биден шашу шашып, көңіл көтереді. Бұл шаңырақ шаттығы мен жанұяның ынтымағын арттыра түседі.
Эльвира Сүлейманова, қала тұрғыны:
- Біздің жанұямыз өте тату-тәтті. Отбасылық жиындарда барлығымыздың басымыз қосылып, үй іші мерекеге айналады. Әрдайым бір-бірімізге көмектесіп, қамқорлықпен қараймыз. Көпұлтты үйде мәдени ерекшеліктер ұштасып, мәре-сәре боламыз.
Әке жолын жалғаған Исмат Сүлейманов өз халқының бірлігін сақтау үшін этномәдени орталықтың жұмысын жүйеге қойды. Оның төрағасы ретінде күрд өкілдерін қоғамдық іс-шаралардан қалыс қалдырмай, түрлі бастаманы қолдайды. Өйткені «Қазақстан туған жеріміз, өсіп-өнген өлкеміз», - дейді.
Исмат Сүлейманов, Күрд этномәдени орталығының төрағасы:
- Мен үшін кез-келген халықпен жұмыс істеу оңай. Әрі әрқайсысымен қалай сөйлесіп, көңілін табуды білемін. Өйткені отбасымның өзінде әр ұлттың өкілі бар. Олардың мінез-құлқын, салт-дәстүрі мен жөн-жоралығыларына дейін күнделікті көріп жүрмін. Сондықтан жанұямның көпұлтты екенін мақтан тұтамын.
Шымкентте қоғамдық келісім мен жалпыхалықтық бірлікті нығайтуға бағытталған 92 іс-шара өтеді.. Қайырылымдылық акциялар, эко науқандар мен ағартушылық жобалар қолға алынды. Бұқаралық жиындардың жоғары деңгейде өтуіне 16 этномәдени бірлестік өкілдері жұмылады.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы – 24KZ – Шымкент
Тегтер #хабар24 #жаңалықтар #Шымкент #күрдтерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz