«Бес орденді Бабатай батыр». Екінші дүниежүзілік соғыстың ардагері Бабатай Жаңабаевты жерлестері осылай атап кеткен.
Себебі, ерен күш пен ерліктің иесі Бабатай Ағәділұлы сан мәрте жау тылына түсіп, дұшпан сарбаздарын қолға түсірген. Марқұмның ұрпақтары бүгінде жеңістің 80 жылдығын атап өтуге дайындалып жатыр. Бұл бұлжымас дәстүрге айналғалы қашан.
Аршын Кемелжан, тілші:
- Бабатай Жаңабаев 19 жасында Қызыл әскер қатарына шақырылып, Байкалдағы шекара жасағына қабылданады. Бұл 1940 жыл болатын. Сарбаздар бұл уақытта Батыс Еуропаны соғыс оты шарпып жатқанын білетін. Көп созбай фашистік Германия Кеңес Одағына да шабуылды бастайды. Шекарашы Бабатай Жаңабаев 1942 жылы майданға аттанады. Барлау ротасының взвод командирі болады. Жау тылындағы операцияларға әлденеше рет қатысады. Неміс әскерінің үңгіріне бірінші болып кіріп, пулеметшілерді жойып, жау әскерін тұтқынға алған. Маңызды ақпаратқа қол жеткізеді. Бірақ ардагер ұл-қыздарына соғыс туралы ешқашан айтпаған.
Нұрсипат Арбабаева, ардагер Бабатай Жаңабаевтың қызы:
- «Соғыс туралы айтасың ба, папа? Мынау ордендерді не үшін алдың», дегенде: «сендер білмей-ақ қойыңдар, ол қайталанбасын. Менің байлығым сендер, сендер үшін өмір сүріп, ең бақытты азаматпын», дейтін. Бертін 75 жылдыққа архив құжаттардың барлығы ашық болды. Сол кезде сондай құжаттар қолымызға түсіп, әр орденді, әр медальді не үшін алғанын білдік әкеміздің.
Майдангер атқыштар полкінің құраманда Украина, Польша және Венгрияны азат етеді. Жеңіс күнін Германияның Дрезден қаласында қарсы алады. Бірақ бірден елге оралмайды. Туған ауылына тек 1946 жылы қайтады. Ол небәрі 22 жасында «Қызыл Жұлдыз» орденін үш рет алған барлаушы. Сондай-ақ «Даңқ», «Ұлы Отан соғысы» ордендерінің иегері. Бабатай Жаңабаевтың ұрпағы осы орден, медальдерді, архив құжаттарын көздің қарашығындай сақтап келеді.
Ахмет Жаңабаев, ардагер Бабатай Жаңабаевтың ұлы:
- Биылда мысалы дәм татса, 9 мамырда аулыға барып ас берейік деп жатырмыз. Соған жиналып міне 7 мамырда жол жүреміз ауылға. Сонда ас берейік деп, 80 жылдық деп дөңгелек дата ғой былай айтқанда.
Көрер жарығы бар Бабатай қария соғыстан кейінгі жылдары кеңшар директоры, кейін қойма меңгерушісі болып жұмыс істеді. Өмірінің соңына дейін өнегелі өмір сүрді. Жұбайымен бірге тоғыз баланы тәрбиелеп, немере көрді.
Әділбек Жаңабаев, ардагер Бабатай Жаңабаевтың немересі:
- Қасынан тастамайтын бізді, ертіп жүретін. Қонаққа барса да кәмпиттерін, сарқыттарын бірінші кезекте бізге беретін. Артымыздан енді ұлым келе жатыр, шөбересі. Теледидар көрсек те, ҰОС болса, айтып отырамыз. Біздің атамыз осындай соғысқа қатысқан.
Бабатай Жаңабаев 2000 жылы өмірден өтті. Ардагердің ерлігі туралы естелік пен жарқын бейнесін ұрпақтары ұмытпай, атадан балаға өсиет етіп келеді.
Авторлары: Аршын Кемелжан, Валентин Лобанов
Тегтер #Жеңістің 80 жылдығы #еске алуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz