RU
Толық нұсқаға өту

Мәншүк – мәңгілік мәнге айналған есім

29.04.2025, 17:33 809

Ерлікпен егіз ұғым. Демек, әңгімеміз Мәметова жайлы екені мәлім. Шын аты Мәнсия. Шешесі өзгертіп айтты.

Жанкешті қыз жаңа есімімен жаһанға танылды. Ол Кеңес Одағының батыры атағы берілген тұңғыш қазақ қызы. Невель ауданын корғаудағы ерлігін мәңгі есте сақтау үшін бір көшесі оның есімімен аталады. Мәншүк туралы 800-ге жуық мақала жазылып, сан тілде кітап басылып шықты. Қылыштай қиып түскен қыршын ғұмырда есімі мен ерлігі өшпейтін өр қыз туралы сюжетке назар салыңыз.

Нысаналы Ығыл, тілші:

- Соғыс айласы әр алуан. Көктен оқты қарша боратып, жерде еңбектеп бомба лақтырады. Бірі атты, бірі жаяу әскер. Ал, Мәншүк пулеметтің пірі.

Бәлкім, заман бейбіт болғанда бұндай ауыр қару қолданбай, қандауыр ұстап, дәрігер атанар ма еді. Себебі, ұрыс басталғанда Алматы медициналық институтында оқып жүрген. Алайда бұрымды қыздың тағдыры бұлыңғыр болды. Бойжеткенше әкесінің атылғанын білмеді. Кейін адал есімін ақтап алу үшін шайқасқа өзі сұранды. «Халық жауының» балалары еркімен майданға аттанса, ата-анасының жазасы кешіріледі», - деген сөз санасында сайраған. Өкініш орнын толтырар өтініш хатында: «Соғысқа баратындай ағайым да, апайым да жоқ, мені жіберіңіз», - деп қиылған.

1943 жыл. 15 қазан. Ресейдегі Псков облысы, Невель ауданы. Изоча станциясын жаудан азат ету керек. Қаңғыған оқ, қансыраған адам. Қаймықпаған қайсар қыз. Жодастарынан айырылған Мәншүк 3 пулеметті қатар қойып, 3 сағат бойы оқ боратты. Оған да тиді. Моншақ үзілді. Ширек ғасырға жетпей шейіт болды. Мәншүктің 21 жасындағы осынау ерлігі бәріне мәлім. Бірақ ол балдырған кезінен батыл болатын. Мемлекет және қоғам қайраткері Хамит Чурин «Саратовқа сапары» мақаласында былай дейді.

Ахмедияр Батырханов, БҚО Тарихи-өлкетану музейінің бөлімі м. Мәметова мемориалдық музейінің меңгерушісі:

- Яғни, олар Саратов қаласына Мәншүктің ата-анасымен бірге бара жатқанда Саратов қаласына жетпей Покровский станциясында пойыздан түсіп, Еділ өзенінен әрі қарай ат шанамен өтпекші болған екен. Сонда жүйткіп келе жатқан ат және шана мұзға соғылып аударылғанда бірнеше метр жерге домалап кеткен Мәншүк орнынан тік тұрып, шауып келіп, тұра алмай жатқан үлкендерге күле қарап тұрған. Хамит Чуриннің сөзімен айтсақ, 5 жасар Мәншүк сол кезде бізге ерліктің үлгісін көрсеткендей болды депті.

Сондай-ақ қанды көйлек жолдасы Егемқұл Тасанбаев та әсерлі естелік қалдырды. Ауыр жараланып, медсанбатта 2 күн жатқанда алдыңғы шептен қарлығаштай ұшып келіп, Мәншүк қан беріп кеткен. Тағы бір қаруласы Сұлтан Жиенбаевты самсаған оқтан қауіпсіз жерге шығарып, жарасын таңған.

Өмірбай Бекмағамбетов, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті тарих факультетінің деканы:

- Бұл сол уақыттағы қарулас, майдандас достарының естеліктері негізінде жазылды көп еңбектер. Ал, енді сол майдан даласындағы армияның, штабтың жіберген ақпараттары зерттеулерден тыс қалып келе жатыр. Бұның бір жағы әлі де соғыс архивінің қолжетімді болмауы мүмкін. Міне, сондықтан әлі де Мәншүкті тұлға ретінде, үлкен тақырып ретінде зерттеуге болады деп танимыз.

Рас, қаһарман жайлы фильм де түсірілді, талай кітап та жазылды. Ал, Алматыдағы Ұлттық кітапханада 1944-2020 жылдар аралығында 768 мақала сақтаулы. Соның 115 мақаласынан Оралдағы музей ұжымы «Айналған мәңгі жалынға» атты жинақ шығарған. Бұл сюжетті де біз көрсеткен ізет деп біліңіз. Бірақ тау алыстаған сайын биіктей түседі. Демек, әлі тың дүниелер шығары сөзсіз.

Авторлары: Нысаналы Ығыл, Ерденбек Жылқайдарұлы, Мұрат Әріпханов 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz