RU
Толық нұсқаға өту

Ауылдықтар медицинаға мұқтаждықтан қашан арылады?

29.04.2025, 18:56 533

Жыл соңына дейін 200-ге жуық ауылда медициналық нысан салынады, деп хабарлайды 24kz.

Сонымен қатар елді мекендерге 100-ден аса дәрігер мен маман жіберу көзделіп отыр. Мұның бәрі «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асырылады. Иә, шалғайдағы ағайынның игілігіне бағыттылған ауқымды жұмыс қарқынды жүріп жатыр. Бірақ түйінді түйткілдер де жоқ емес. Бұл мәселе бүгін Үкімет отырысында қаралды.

Бекзат Аманов, тілші:

- Медицина – шалғайдағы ағайынның басты мұңы. Бірде емханасы жоқ, бірде маманға мұқтаж. Әйтеуір ауыл дімкәстары бүгінге дейін жанын шүберекке байлап келді. Жауыр болған денсаулық жыры жылдар бойы тасада қалғаны да жасырын емес. Тек соңғы жылдары ғана билік мәселеге бас бұрып, ұлттық жоба жариялады. Сол арқылы 655 ауылда медицина нысанын салу жоспарланды. Оған қоса, 32 ауданда заманауи көпбейінді аурухана ашу көзделген. Ауқымды жобаның нәтижесі көңіл көншітеді. Қазір 467 елді мекенге медицина келіп, 6 аурухана пайдалануға берілді.

Жоспарланды:

Медициналық нысан – 655

Көпбейінді аурухана – 32

Аяқталды:

Медициналық нысан – 467

Көпбейінді аурухана – 6

Қалғаны:

Медициналық нысан – 188

Көпбейінді аурухана – 26

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Айта кету керек, 175 нысан бұрын  медициналық ғимараттармен қамтылмаған ауылдарда, ал 292 нысан ескірген және бейімделген үй-жайлардың орнына салынды. 6 көпбейінді орталық аудандық ауруханалардың Нәтижесінде инсульт орталықтары, хирургия, травматология және перзентхана бөлімшелері іске қосылды. Бұл ретте барлық көпбейінді орталық аудандық ауруханаларға арнайы мамандандырылған медициналық техникалар жеткізілді.

Маман тапшылығы да маңызды мәселе. Ауылға білікті дәрігерлер жетіспейді. Былтырдан бастап жастарды шалғайға келуге ынталандыру үшін 8,5 млн теңге біржолғы төлем беріліп жатыр. Бұл нәтижесін беріп, 174 медицина қызметкері ауылға аттанды. Алайда бұл бастамаға белсенділік танытпай отырған облыстар бар.

Ақмарал Әлназарова, ҚР Денсаулық сақтау министрі:

- Қалған 188 нысанның құрылысы ағымдағы жылдың соңына дейін аяқталуы жоспарлануда. Нысандарды пайдалануға беру кезінде қосымша 143 медицина қызметкерін жаңа жұмыс орындарына жіберу жоспарлануда. Осыған байланысты өңірлердің әкімдіктері қазірден бастап ауылға жаңадан келетін мамандарды тарту және оларды ұстап қалу бойынша тиісті жұмыстарды бастаулары қажет. Алайда, бүгінгі күні төлемдерді төлеу бойынша шешімдер кейбір өңірлерде әлі күнге дейін қабылданбаған.

Бес өңір ұлттық жоба аясындағы міндетін түгел аяқтады. Бұл тізімде Қостанай, Қызылорда, Маңғыстау, Солтүстік Қазақстан және Түркістан облысы бар. Алда 188 ауыл кезегін күтіп тұр. Жоспар бойынша олардың құрылысы биыл бітуі керек. Алайда кей аймақтағы құрылыс қарқыны баяу. Үкімет басшысы Олжас Бектенов мұны әкімдер бақылауының жетіспеушілігімен байланыстырды.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мысалы, Ақтөбе, Жамбыл, Жетісу және Шығыс Қазақстан облыстарында осы күнге дейін 6 объект бойынша жобалық құжаттама әзірленбеген. Қарағанды, Қостанай, Ақмола, Ұлытау, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан облыстарында 8 жоба бойынша мемлекеттік сараптама дайын емес. Өңір әкімдері биыл жоспарланған барлық медициналық объектілерді мерзімінен кешіктірмей іске қосуды қамтамасыз етсін. Сондай-ақ бұл жұмыстың сапасына теріс әсерін тигізбеуі тиіс.

Ұлттық жобаны жүзеге асыруға заңсыз қайтарылған активтер қолданылып жатыр. Бұл туралы Үкімет басшысы мәлімдеді. Оның айтуынша, Арнаулы мемлекеттік қордан активтерді қайтару аясында 31 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

Олжас Бектенов, ҚР Премьер-министрі:

- Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша заңсыз иемденілген активтерді қайтару есебінен толықтырылып жатқан Арнаулы мемлекеттік қордың қаражаты да ұлттық жобаны іске асыруға бөлінді. 145 алғашқы көмек нысаны мен 13 ауданаралық аурухана құрылысына 31 млрд теңгеден астам қаражат салынды.

Биыл 188 медициналық мекеме мен 12 аудандық аурухананың құрылысы аяқталуға тиіс. Ал келесі жылы тағы 14 нысан бой көтереді. Тапсырма берілді, міндет жүктелді. Олжас Бектенов жобаны уақытылы аяқтау ортақ міндет екенін айтты. Енді Үкімет басшысының тапсырмасына сай Денсаулық сақтау министрлігі қалған нысанның құрылысына апта сайын мониторинг жүргізуі керек. Ал Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі жобалардың мемлекеттік сараптамасын ешқандай бюрократиясыз, көпке созбай аяқтауға міндетті.

Авторлары: Бекзат Аманов, Руслан Әлиев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz