Ел аумағында «Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы өтіп жатыр, деп хабарлайды 24kz.
Бұл балалардың құқығын қорғап, қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған. Рейд басталғалы бері түнде заңды өкілсіз жүрген 11 мыңнан астам бала анықталды. Оның ішінде кейбірінен тыйым салынған заттар табылып отыр.
Шара барысында бірқатар әкімшілік және қылмыстық істер тіркелген.
Бұл іс-шара ең алдымен балалардың қауіпсіздігі үшін маңызды. Өйткені кәмелет жасқа толмағандарға қатысты құқықбұзушылықтар жиілеп кеткен.
Мысалы, жыл басталғалы бері Астанадағы Байқоңыр ауданының өзінде жасөспірімдердің қатысуымен 29 қылмыстық іс тергеліп жатыр. Жедел алдын алу шарасы 10 сәуірден бері өтуде. Бұл аралықта дәл осы ауданның тәртіп сақшылары 239 хаттама толтырып, 9 жасөспірімді есепке қойды.
Рақымжан Құлжанов, Байқоңыр аудандық ПБ Жергілікті полиция бөлімі бастығының орынбасары:
- Бала күдікті деп танылса, оны біз профилактикалық есепке қоямыз. Сонымен профилактикалық шаралар жүргізіліп отырады. Түнгі сағат 23.00-ден кейін жүрген балалардың заңды өкілдеріне біріншісінде ескерту беріледі. Егер 442-баптың 3-бөлігі бойынша екінші рет қайталанса, 7 АЕК мөлшерінде айыппұл салынады заңды өкілдеріне.
Ішкі істер министрлігінің өткен апта соңындағы ресми мәліметінше, елде бала тәрбиесіне салғырт қарағаны үшін 1600-ден астам ата-ана әкімшілік жауапқа тартылған. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылық көрсеткен 12 ата-анаға қатысты қылмыстық іс қозғалды. Тағы 500-ден астам заңды өкіл есепке қойылды. Кейінгі кездері отбасылық жанжал немесе өзара келіспеушілік салдарынан жасөспірімдердің үйден кетіп қалуы жиілеген. Оған рейд барысында өзіміз де куә болдық.
Полицейлер жедел әрекет етіп, жоғалған жасөспірім қызды ойын-сауық орталығынан тапты. Тағы да сандарды сөйлетсек, елде балаларға алкогольді ішімдік сатуға қатысты 148 дерек тіркелген. Көшелерде мас күйде жүрген 229 жасөспірім ұсталды. Сонымен қатар олардан 50-ге жуық тыйым салынған зат тәркіленген.
Әсет Оспанов, ҚР ІІМ Әкімшілік полиция комитетінің басқарма бастығы:
- Оның ішінде екі қару, 39 сұқпалы-кесу заты және алты есірткі заты тәркіленді. Жастардың құқықтық санасына ықпал ету мақсатында білім беру ұйымдарында 10 ашық сот отырысы өткізілді. Әкімдіктерге мектеп жанындағы жол қауіпсіздігін жақсарту бойынша 1300-ден астам нұсқама берілді. Сондай-ақ балалардың бос уақытын ұйымдастыру туралы 200-ден астам өтініш жолданды.
«Жасөспірім» жедел алдын алу шарасы елдің әр өңірінде өткізіліп жатыр. Рейд 6 мамырға дейін жалғасады.
Жедел алдын алу шарасы аясында әлеуметтік желіге де мониторинг күшейтілген. Бұл тұста балаларға теріс әсерін тигізетін сайттар анықталды ма?
Рейдпен қатар мониторинг жүргізіліп жатыр. Балалардың келешегіне зиян келтіруі ықтимал 3 мыңнан астам сайт анықталды. Қазір соның 600-ден астамы бұғатталған.
Тегтер #жасөспірім #балалар #қауіпсіздікPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz