RU
Толық нұсқаға өту

Қостанай облысының шекара маңындағы ауылдары қаңырап қалып жатыр

29.04.2025, 20:29 676

Қостанай облысының 8 ауданы Ресеймен шектеседі. Сол шекара сызығына жақын елді мекендердің көбі қаңырап қалып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Халқы азайып, жабылуға шақ тұрғандары да аз емес. Мысалы Меңдіқара ауданындағы Ұзынағаш ауылында кезінде 500 үй болса, қазір 85 шаңырақ қалған.

Мағауия Қалиев, тілші:

- Меңдіқара ауданының орталығы Боровской кенті мен Ресеймен  шекара түбіндегі Ұзынағаш аулының арасы – 60 шақырым. Осы аралықта бұрындары 15 елді мекен болған. Соның бүгінде бірлі-жарымы ғана қалды. Олардың өзі жабылып, құрып кетудің сәл алдында тұр. Мысалы, мынау Ұзынағаш ауылында бір кездері 5 мыңға жуық халық тұрған. Бүгінде қалғаны 700-ге жетер-жетпес.

Қазір мұндағы жұрттың бар тілеуі мектептің жабылмауы. Кезінде үш ауысымда оқыған білім ордасында бүгінде бар-жоғы 53 бала қалған.

Арайлым Төлепова, Қаратал жалпы білім беру мектебі директорының міндетін атқарушы:

- Шекара аймағындағы ауылдарға көңіл бөлінсе, мынау ел ағалары жұмыскерлерді тартып, олар отбасымен келіп жатса, нұр үстіне нұр, әрине. Біз қазір енді әр бала үшін қуанамыз. Бізде енді ауылды ұстап тұрған, шынын айтқанда, қара шаңырақ мектеп қана қой.

Жалпы Қарақоға ауылдық округі аумағында Ұзынағаштан бөлек тағы үш елді мекен бар. Әр ауылда әрі кеткенде он шақты үй түтін түтетіп отыр.

Темірболат Шакиев, Ұзынағаш ауылының тұрғыны:

- Бұнда қалып жатқандар зейнеткерлікке жақындағандар енді өзіміз сияқты. Сол 40-тан былай, 40-қа дейін адамдар жоқ. Бәрі де қалада.

Ұзынағаш тұрғындарының 35%-і ғана жұмыспен қамтылған. Соның бірен-сараңы ғана жергілікті шаруашылықтарда істейді. Дені әкімдік, әлеуметтік сала қызметкерлері. Олардың да саны қысқарып жатыр.

Қолқанат Мырзағалиев, Қарақоға ауылдық округінің әкімі:

- Екі медпункт болған.Төлеңгіт ауылында, Құлшықай ауылында. Қазіргі таңда жабылуға не берілді, адам саны жетпейді. Медпункт жабылды. Қазір бізде орталықта ФАП қана қалып тұр.  Болашақта адам саны азайып қалса, ол да жабылып қалуы мүмкін.

Ұлттық Құрылтайда сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысының шекара маңындағы аудандарды дамытуға  маңыз бергендігі мұндағылардың болашаққа деген үмітін оятты.

Қазір Үкімет пен Парламент осы міндетті іске асыруға қатысты жаңа заң жобасын қарастырып жатыр.

Ерлан Сайыров, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Ең бірінші осы мемлекеттің арзандатылған несиелерін сол ауданның халқына қолжетімді жасау керек. Бұл ең негізгі мәселе. Екінші мәселе дүниежүзінде осы шекаралық аудандарда тұратын халыққа мемлекет белгілі бір преференция береді. Яғни, мысалы үшін еңбек өтілі жөнінде, еңбек стажы жөнінде, сонымен бірге жалақыға үстемақы қарастырылады.

Мәжіліс депутатының айтуынша, халық санына қармастан шекара маңындағы ауылдардың инфрақұрылымын дамытып, әлеуметтік нысандар салу керек. Ал Ұзынағаш тұрғындары сағыздай созылып кеткен застава құрылысы тезірек аяқталса екен деп тілеп отыр. Шекарашылар келсе, бала саны көбейер деген үміттері бар.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz