Кеңес Одағының батыры, Халық қаһарманы, Қазақстан Республикасының тұңғыш Қорғаныс министрі және генералы.
Осынау дүркіреген атақ-даңқына қарамастан болмысы биязы, мінезі көркем, шын сардар. Ұлы Отан соғысының ардагері Сағадат Нұрмағамбетовті көз көргендер осылай деп еске алады. Тіпті даңқты батыр Бауыржан Момышұлының өзі оны «сыпайы генерал» деп атап кеткен екен.
Бақытжан Ертаев, әскери қайраткер, халық қаһарманы:
- Ол кісі ата да болды, аға да болды, ол кісі ақылшым да болды маған. Сыршылым да болды.
Халық қаһарманы, әскери қайраткер Бақытжан Ертаев Сағадат Қожахметұлын осылай тебірене еске алады. Әкесіз өскен Бақытжан Ертайұлының жүрегіндегі Сағадат Нұрмағамбетовтың орны бөлек. Рас, қол бастаудан бөлек, Сағадат Қожахметұлы талай сарбазға жол бастады. Темірдей тәртіпті талап ететін тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі қазақтың әр баласына жанашыр болатын. Ұлы Талғаттан туған үлкен немересі Лира да атасының кісілігін айрықша атап өтеді.
Лира Нұрмағамбетова, Сағадат Нұрмағамбетовтің немересі:
- Атамды қатты құрметтеп, шын мақтан тұтамын. Ол адамгершілігі жоғары жан еді. Өзгелерді теңіндей санайтын. Қатардағы сарбаз болсын, генерал болсын, бәріне бірдей қарайтын. Гарнизондағы әр жауынгердің атын, командирлері кім екенін, бәрін жатқа білетін, танитын. Есте сақтау қабілеті өте жоғары еді. Еш қысылмастан кез келген сарбаздың қасына барып, атын атап, жағдайын сұрайтын. Атамның осы бір адалдығы, адамдығы өзгелерден ерекшелендіретін.
Сағадат Нұрмағамбетов 1942 жылдың тамызында Ақмола облысынан әскерге өзі сұранып, 1943 жылдың маусымында майданға аттанған. Кубань, Донбас, сондай-ақ Украинаның оң жағалауын азат етуге қатысады. Қызыл Жұлдыз және ІІ дәрежелі Отан соғысы ордендерімен марапатталған. Сағадат Нұрмағамбетов үшін Отан алдындағы борыштан өткен қастерлі ұғым болмап еді. Тіпті Чернобыль атом станциясында апат болған кезде ең алдымен өзгенің емес, өз баласы Талғатты жібереді.
Лира Нұрмағамбетова, Сағадат Нұрмағамбетовтің немересі:
- Әкем әскери дәрігер болатын. Сөйтіп, ол Чернобыль атом электр станциясындағы апат салдарын жоюға аттанды. Ол кезде Чернобыльге баласы бар, әрі қарай балалы болуды жоспарда болмаған сарбаздарды ғана жіберген. Екі қызы бар әкем одан кейін бала сүймеді.
Қазақтан шыққан Кеңес Одағының батыры Сағадат Нұрмағамбетовтың Қазақ КСР Мемлекеттік қорғаныс комитетінің төрағалығына тағайындалғанын естіген бетте Германияда полк басқарған Бақытжан Ертайұлы дереу елге асыққанын айтады. Бұл 1991 жылы болатын. «Сағадат Қожахметұлымен алғаш кездескенімізде 18-19 жастағы курсант болатынмын, сол сәтті естен шығармаған ол маған ерекше ықылас көрсеткен еді», - дейді халық қаһарманы.
Бақытжан Ертаев, әскери қайраткер, халық қаһарманы:
- «Бақытжан, бәрін білем, ауған соғысында Бауыржан атаңдай лейтенант батальонын басқардың. Ол сенің қаһармандығыңды талай естідім. Тіпті Германияда қазақ баласы полк командирі болады дегенді естіген емеспіз. Сен сол жерде көмекші болдың, Потсдам деген қаласында. Содан кейін сол Постдамда полкты басқардың, сені алты жылға қалдырды. Осының бәрі сенің маңдай терің, сенің бейнетің, былай қарағанда. Мен ырзамын, қуаныштымын. Осындай қазақ жігіті осындай біздің абыройды көтергеніне», - деп әкелік қылып, арқамнам қақты. Міне,соған тәуба деймін.
Қазақстанның Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейінде Сағадат Нұрмағамбетовке арналған экспозиция жұмыс істейді. Онда генералдың еш жерде жарық көрмеген суреттері, әскери қызметінің жолы сипатталатын жеке ісі сақтаулы.
Дәулет Қадыров, ҚР Қарулы күштерінің әскери-тарихи музейінің бастығы:
- Жаздық кителі, қысқы киім үлгілері көрсетілген. Ол жеке заттарының ерекшелігі – әрине, ол погонында. Сағадат Қожахметұлы тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш армия генералы, ҚР армия генералының әскери погонын тек біздің музейімізде көру мүмкіндігі бар. Музейге келетін қонақтарға, жас балаларға әскери погондар ерекше қызығушылық тудырады.
Отан алдындағы антына адал, қазақтың қадірлі ұлы Сағадат Нұрмағамбетов жайлы кітап та, деректі фильм де жарыққа шыққан. Оның Отанға деген шексіз сүйіспеншілігі, Қазақстанның қорғаныс саласына сіңген елеулі еңбегі ел есінде мәңгі қалары сөзсіз.
Авторлары: Бақыт Топтаева, Артур Горшняков
Тегтер #Сағадат Нұрмағамбетов #қорғаныс саласы #Жеңістің 80 жылдығы #еске алуPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz