Енді қазақстандықтар өз өңірінде салынып жатқан күре жолдардың сапасын тікелей бақылай алады, деп хабарлайды 24kz.
Құрылыстың кем-кетігін, түйткілдерін көрсетіп, тиісті талап-тілектерін жауаптыларға жеткізуге мүмкіндік беріліп отыр. Бастама ертеңнен бастап күшіне енетін «Халықтық бақылау» жобасы аясында іске асырылмақ.
Жол саласы һәм сапасы Қазақстанда қашаннан да өзекті. Қараша халықтан түсетін шағымның ең көбі күре жолдардың құрылысына қатысты екен. Түйткілді жою мақсатында жауаптылар тың бастаманы іске қосуды көздеп отыр. Бұл – «Халықтық бақылау» жобасы деп аталады. Жүйе республика аумағында 1 мамырдан бастап күшіне енеді. Жобаға кез-келген тұрғын қатыса алады. Ол үшін 1403 бірыңғай байланыс орталығына хабарласып, өтінім қалдыру керек. Өз кезегінде «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясы көрсетілген кемшіліктер мен мәселелерге ден қойып, оны қысқа мерзімде шешуді қамтамасыз етуге міндеттеліп отыр.
Жоба республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасын тексеруге бағытталған. Осылайша, еліміздің әрбір азаматы салынып жатқан жол құрылысының қоғамдық бақылауға қатысады. Нысандарды аралау кестесін «ҚазАвтоЖол» ұлттық компаниясының ресми сайтынан көруге болады. Жолдардың сақталуын қамтамасыз ету үшін 28 жаңа автоматты өлшеу станциясын орнату жоспарланыпты. Қазіргі таңда қолданысты 22 құрылғы қызмет көрсетіп тұр.
Дархан Иманашев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ басқарма төрағасы:
- Республикалық маңызы бар автожолдар желісінде 1500-ға жуық жол бойындағы қызмет көрсету нысандары орналасқан. 2025 жылы жеке инвестициялар есебінен қосымша 36 жаңа нысан ашу жоспарлануда. Оның ішінде: 22 жанармай құю станциясы (ЖҚС) және 14 кафе. Жол пайдаланушыларға қолайлы жағдай жасау мақсатында туристік нысандарға апаратын бағыттарға 37 жаңа санитарлық торап орнату жоспарланған.
Қазір елімізде ауқымды жол-құрылыс маусымы басталады. Жоспар бойынша жыл соңына дейін 8800 шақырым автомобиль жолдарында түрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі. Оның 2100 шақырымда құрылыс және қайта жаңарту, 460 шақырымда күрделі жөндеу жұмыстары, 6300 шақырымда орташа жөндеу жұмыстары атқарылмақ. Жобаларды жүзеге асыру үшін 781 миллиард теңге қаржы қарастырылған.
8800 Шақырым автомобиль жолдарында түрлі жөндеу жұмыстары жүргізіледі
2100 шақырым – құрылыс және қайта жаңарту
460 шақырым – күрделі жөндеу
6300 шақырым – орташа жөндеу
781 миллиард теңге қаржы қарастырылған
Төлеген Абдуллин, ҚР Көлік министрлігі автомобиль жолдары комитетінің төрағасы:
- Биыл бізде жоспар бойынша 13 мың шақырым құрылыс жұмыстары жоспарланған. Соның ішінде бізде қайта жаңарту жұмыстары және құрылыс жаңа жобаларын бастап жатырмыз. Қарағанды – Жезқазған, Ақтөбе – Зайсан, Сарыағаш, Рудный айналма жолдарын бастайын деп жатырмыз.
Тегтер #жол құрылысы #жоба #ҚазАвтоЖолPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz