RU
Толық нұсқаға өту

Қазақстанда татулық пен келісім саясаты қалай жүргізілді?

01.05.2025, 09:10 586

Биыл Қазақстан халқының бірлігіне негіз болған Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 30 жыл. Елде татулық пен келісім саясатын іске асыруға Ассамблеямен қатар барлық мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар да бір кісідей атсалысып келеді. Бұны апта бұрын Ассамблеяның 34-ші сессиясында Мемлекет басшысы қадап тұрып айтты.

Иә осы 30 жылдың ішінде елде қоғам­дық келісім мен жалпыұлттық бірлікті нығайтудың заңнамалық, мемлекеттік, қоғамдық және басқа да институционалдық тетіктері түгел жасақталды. Бұл күрделі эволюция Ассамблеяның даму тұжырымдамасында бірнеше рет жаңартылып, қайта жазылып, түрлі құжаттарда хатталған. Міне, осы құжаттарды парақтай отырып, елдегі этносаралық келісім мен бірліктің бірегей моделін қалыптастыру мен дамытуды бес кезеңге бөлуге болады екен.

Бірінші кезең. 1990-1995 жылдар. Азаттықтың елең-алаң шағы. 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясының негізі қаланды. Оның аясында этномәдени бірлестіктер құрудан бастап, ел бірлігін нығайтудың қазақстандық моделін заңнамалық және институционалдық ресімдеу іс-шараларын қамтыған кезең болды.

Екінші кезең. 1995-2002 жылдар. Елдегі этностардың дәстүрін, тілі мен мәдениетін сақтау негізінде бірегейліктің негізгі параметрлері айқындалды. 1996 жылы мемлекеттік бірегейлікті қалыптастыру тұжырымдамасы аясында мемлекет құрушы халықтың соның ішінде ел тағдыры үшін тарихи жауапкершілік жүктелген қазақ халқының айналасына топтасу мақсаты іске асты. Қоғамда этностық және конфессионалдық қатынастарды саясиландырудан бас тартуға қатысты азаматтық-саяси консенсусқа қол жеткізілді.

Үшінші кезең. 2002-2007 жылдар. Этносаралық қатынастардың қазақстандық моделін қалыптастыру саясаты жүзеге асты. Бірқатар бағдарламалық құжаттар – Қазақстан халқы Ассамблеясының 2011 жылға дейінгі стратегиясы, Тілдерді қолдану мен дамытудың 1998-2000 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы, Этносаралық және конфессияаралық келісімнің 2006-2008 жылдарға арналған бағдарламалары қабылданды.

Төртінші кезең. 2007-2019 жылдар. Қоғамның интеграциясы мен этносаясаттың негізі Қазақстан хал­қының ұлттық бірлігін нығайтуға негізделді. 2007 жылы «халықтар ассамблеясы» атауы «халық Ассамблеясы» деп өзгерді. 2010 жылы Ел бірлігі доктринасы қабылданып, ол барлық азамат үшін ортақ құндылықтар мен қағидаттарға бағытталған стратегиялық басымдық ретінде анықтады.

Бесінші кезең. 2020 жылдан бесінші кезең басталды. Бұл белесте этносаралық саладағы мемлекеттік саясат институционалдық және талдамалық тұрғыдан нығайды. Бұрынғы Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінде Этносаралық қатынастарды дамыту комитеті мен Қолданбалы этносаяси зерттеулер институты құрылды. Қазақстан халқы Ассамблеясының 2022-2026 жылдарға арналған жаңа тұжырымдамасы бекітілді. ҚХА-ның түрлі қоғамдық құрылымдары ауқымды әлеуметтік және ақпараттық алаңдар мен тиімді коммуникациямен қамтамасыз етілді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz