RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бейбіт өмір сүреді. LIVE

01.05.2025, 09:20 614

Осыдан тура бір жеті бұрын өткен сессияда Ассамблеяның даму кезеңін алдағы уақытты одан әрі нығайту үшін Президент 2030 жылға дейінгі тұжырымдаманы әзірлеуді атқарушы билікке жүктеген. Сәтін салса, ол құжатқа қоғам болып атсалыса жатармыз.

Біздің арнаның барлық аймақтардағы тілшілер қосыны, шетелдегі әріптестеріміз, елордадағы жылжымалы екі студия мен жаңалықтар қызметі бүгін тікелей эфирде хабар таратады. Қазір бізбен азаттықтың ақ таңы атып, тәуелсіздікпен бірге тұрақтылықтың қалыптасуына өзінің тарихи үлесін қосқан Алматыдағы әріптестеріміз тікелей эфирге қосылуға дайын.

Алматы – Қазақстанның ең ірі қаласы ғана емес, көпұлтты мәдениеттің тоғысқан ордасы. Мұнда 100-ден астам ұлт пен ұлыстың өкілдері бейбіт өмір сүріп, ортақ үйіміз – Қазақстанның өркендеуіне өз үлестерін қосып келеді. Мегаполисте 38 этномәдени бірлестік жұмыс істейді.

Гүлжан Көленқызы, тілші​:

- Расында, Алматы – бірлік пен берекенің мекені. Оған қалада өтіп жатқан түрлі мәдени-танымдық шаралар дәлел. Былтыр бірлікті нығайтуға бағытталған 200-ге жуық іс-шара өткізіліпті. Тату-тәтті ғұмыр кешіп жатқан түрлі ұлт өкілдерінің басын біріктіріп отырған «Достық үйі» өңірдегі этносаралық келісім мен тұрақтылықты сақтауға негізделген. Онда қазір 30-дан астам этномәдени бірлестік белсенді жұмыс жүргізіп жатыр. Жақында қала басшысы Ерболат Досаев Алматыда Достық үйіне жеке ғимарат салынатынын айтты. Ол қаламыздың жетістіктерін көрсететін ерекше орынға айналады. Бір мақсатты көздеген, бір мүддеге тоғысқан ұлт өкілдерінің де халқымыздың дарқандығына алғысы шексіз.  

Долкунтай Абдулхалил, ұйғыр этномәдени орталығының төрағасы:

- Қазақстан жері қандай кең болса, қазақ халқының да көңілі, жүрегі сондай кең. Бүкіл ұлттар бір атаның баласы сияқты үлкен жетістіктерге жетті. Ұйғыр халқын айтатын болсақ, ұйғыр халқының мектептері бар. Театрларымыз бар. Газет-журналдарымыз бар. Осының өзі Қазақстанда үлкен әрбір ұлттарға үлкен жол ашылғаны көрініп тұр. Еліміз Қазақстанның дамуына әрбір ұлт, әрбір Қазақстанның азаматы өзінің күшін салу керек.

Мегаполисте бүгінде төрт ұлттық театр мен жеті этностық бұқаралық ақпарат құралы бар. Сондай-ақ 20-дан астам шығармашылық ұжым жұмыс істейді. Олардың мақсаты – этностардың мәдени мұрасын сақтау және дамыту ғана емес, достықты дәріптеу. Ұлттық театрларда қазақ фольклорының бай мұралары да сахналанған. Мәселен, корей театрындағы «Алдар-көсе», «Көбелек», «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектакльдері біраз уақыттан бері сахнадан түспей келеді. Жақында Президент Алматыда ұлттық театрлар фестивалін өткізуді ұсынды. Бұл бастаманы өнер ұжымдары қуана қолдайды.   

Борис Югай, корей театрының актері:

- Театр фестивалі халықтың достығын нығайтады және мәдени туризмді дамытады. Мұндай фестивальдер актерға, театрға өте маңызды. Себебі біз бұл творчество жағынан, шығармашылық жағынан тәжірибе алмасамыз.

Бұдан өзге Алматыда Ассамблеяның қолдауымен білім беру, патриоттық және экологиялық бастамалар жүзеге асырылып жатыр. Ақсақалдар мен Аналар кеңесі де белсенді жұмыс істеп жатыр. Биыл қалада Республикалық ақсақалдар кеңесі мен Аналар кеңесінің форумы өтеді. Достық пен ынтымақ салтанат құрған шаһардың бүгінгі келбеті осындай.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz