RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысында өзге ұлт өкілдері сан салада қызмет етіп жүр

01.05.2025, 10:00 622

Қоғамдық тұрақтылық пен жалпыұлттық келісімнің қазақстандық үлгісін қазір көп мемлекеттер «ешқай жерде жоқ, таза қазақстандық «ноу-хау» деп бағалайды. Ал Қазақтың дарқан даласы толайым тағдырдың талай соқпағын көрген көптеген этнос өкілін бауырына басқаны – тарихи шындық.

Жамбыл облысында 87 ұлт пен ұлыстың өкілі тұрады. Олар түрлі салада еңбек етіп, ел дамуына үлесін қосып жүр. Аймақтағы ірі зауыттарда да ондаған ұлттың өкілдері жұмыс істейді. Солардың бірі – Райм Туранов. Ол ширек ғасырдан бері химия саласынде еңбек етіп, жастарға білгенін үйретіп жүр.

Райм Турановтың ұлты түрік. Репрессия жылдары аталары Қызылорда облысына әкелінген. Кейін ата-анасы Жамбыл өңіріне қоныс аударыпты. Өзі қазақ ауылында дүниеге келіп, солардың арасында өскендіктен, мемлекеттік тілді жетік меңгерген. 50 жастағы азамат 25 жылын химия зауытына арнаған. Бүгінде жастарға білгенімен бөлісіп жүр.

Райм Туранов, химия зауытының жұмысшысы:

- Біздің зауыттың өзінде әртүрлі ұлт халық бар. Әрқайсысының білімі жұмысы сәйкес болып жатса, бастық бола алады. Отаным – Қазақстаным. Осы жерде туып-өстім, кіндігім осы жақта кесілгеннен кейін осы жерде өніп-өстім, оқыдым. Жұмыс істеп жатырмын. Балдарым да олимпиадаға қазақша қатысып жүр. Қызым оқу бітірді, қазір медициналық колледжде оқып жатыр. Көшу ойымда жоқ.

Ал орыс қызы Ольга Журавлёваның зауытта жұмыс істегеніне биыл 19 жыл. Бұрын осы өндірісте анасы еңбек етсе, қазір әпкесі де қызметте. Ольга алдағы уақытта ұлын да химия саласына баулымақ.

Ольга Журавлева, зауыт маманы:

- Зауытта қазақтар, орыс пен дүнген, түрік корей ұлтының өкілдері де жұмыс істейді. Бәріміз достық қарым-қатынаста жұмыс істеп жатырмыз. Тіпті бір-біріміздің мерекемізді тойлап-құттықтау әдетке айналған. Мысалы, бізде жақында пасха мейрамы болды. Оның алдында айт дегендей. Бір-бірімізге сыйластықпен қараймыз.

Жамбыл облысы химия өнеркәсібінің отаны саналады. Мұндай дәрежеге жетуге сол зауыттардағы мыңдаған маманның еңбегі ерен. Қызметкерлердің ұлты бөлек болғанымен, мақсаты бір. Бірлік пен татулықты ту етсе ғана жетістікке жетуге боларын жете сезінеді. Ал Қоғамдық келісім мекемесінің мамандары, еңбегіне адал осындай азаматтарды мерекеде ұмыт қалдырмай марапаттап тұрады.

Асқарбек Сейілхан, «Қоғамдық келісім» КММ жанындағы Ардагерлер кеңесінің төрағасы:

- Шын мәнінде біздің Қазақстанда 130-дан аса ұлт өкілдері тұрса, солардың барлығы басқа жақтан келген жоқ. Осы Қазақстанда өмір сүрді, Қазақстанда туды, оқыды, білім алды. Енді Қазақстанда еңбек етіп жатыр. Қазақ халқына еңбегіңізді сіңірсеңіздер, біз бәріміз бірге жасаймыз, жасампаз ел боламыз деген оның артында үлкен мағына жатыр деп ойлаймын. Әр қазақ менің жалғызым дегендей, Қазақстанда тұрғанның бәрі біздің жалғызымыз, біздің туысымыз, біздің бауырымыз.

Өңірде 87 этнос өкілі тұрады. Бүгінде олар сан салада еңбек етіп, қоғам мен ел дамуына орасан зор үлес қосып жүр.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz