RU
Толық нұсқаға өту

Корейлердің Қазақстанға алғысы шексіз. LIVE

01.05.2025, 10:15 490

Қазір жаһандық геосаяси ахуалдың барған сайын күрделеніп жатқанын бәріміз білеміз, иә. Оны Мемлекет басшысы өткен аптадағы Ассамблеяның кезекті сессиясында баса айтты. Жаһан жұртының бірі сыртқы жаудан сақтана алмай, енді бірі ішкі даудан арыла алмай әлек. Территориялық талас-тартыс, қарулы қақтығыс, халықтар арасындағы түрлі дүрдараздық пен өшпенділік өршіп тұр. Салдары тарихы терең елдердің ынтымағына сызат түсіреді. Тіпті тұтас мемлекеттің тағдырына балта шабуы мүмкін.

Әсіресе соңғы жылдары бейбіт күннің бәсі артты. Ал елде ондаған ұлт пен ұлысты бір-бірінен бөліп жармай, ұлтаралық татулықты ұстап отыру кез келген мемлекеттің қолынан келе бермейді. Бұл енді жаһандық басылымдардың Қазақстанға қарап, қызыға әрі тереңнен саралай отырып берген бағасы.

Владислав Цой, тілші:

- Оңтүстік Кореяда мұндай мереке жоқ. Дегенмен бұл елде Қазақстанның көпұлтты мемлекет екені және онда корей халқының өкілдері тұратыны жақсы мәлім. Жергілікті тұрғындар 1937 жылы Қиыр Шығыстан Қазақстанға 20 мыңнан астам корей отбасының қоныс аударғанын біледі. Сол қиын-қыстау, ашаршылық заманда қазақ халқы оларды бауырына басып, үйлеріне кіргізіп, барымен бөлісті. Бүгінде қазақстандық корейлер екі ел арасындағы достықтың алтын көпірі саналады. Ал Қазақстаннан Оңтүстік Кореяға қоныс аударған корей диаспорасының өкілдері туған жерін ұмытқан емес. Жуырда Алматы тумасы Евгения Цхай басқаратын «Koryoin Global Network» қоғамдық ұйымы қайырымдылық акциясын өткізді. Олар киім-кешек, аяқ киім, дәрумендер, гигиеналық заттар және басқа да қажетті тауарларды сатып алып, Алматыға жөнелтті.

Евгения Цхай, «Koryoin Global Network» қоғамдық ұйымының президенті:

- «Koryoin Global Network» құрамында Қазақстанмен жұмыс істейтін көптеген кәсіпкер бар. Әрине, олардың дені — Қазақстаннан шыққандар. Қазақ еліне, қазақ жеріне деген алғысымыз ретінде осындай шағын қайырымдылық акциясын ұйымдастыруды жөн көрдік. Ұлтына, жасына қарамай, бәріне бірдей көмектескіміз келеді. Себебі Қазақстан – біз үшін қасиетті мекен. Біз оған шын жүректен ризамыз. 

Оңтүстік Кореяның Әділет министрлігінің дерегі бойынша қазір бұл елде ТМД елдерінен келген 100 мыңнан астам этникалық корей тұрады. Оның ішінде шамамен 23 мыңы — Қазақстаннан қоныс аударғандар. Солардың белсенді бөлігі бір жыл бұрын «Koryoin Global Network» қоғамдық ұйымын құрды. Ұйымға Алматының тумасы Евгения Цхай жетекшілік етеді. Евгения кәсіби журналист, кезінде «Қазақстан» телеарнасындағы корей тілінде шыққан «Корё сарам» бағдарламасында тілші болып жұмыс істеген.

Евгения Цхай, «Koryoin Global Network» қоғамдық ұйымының президенті:

- Бұл қайырымдылық акциямызды Қазақстан халқының бірлігі күніне орайластырумыздың өзіндік себебі бар. Өйткені Қазақстан – түрлі ұлт өкілі тату-тәтті өмір сүретін ерекше ел. Бұл біз өскен, білім алған қасиетті мекен. Қай жерде жүрсек те, жүрегіміз әрдайым Қазақстан деп соғады. Рақмет саған, Қазақстан!

Айта кетейік, бұл ұйымның Қазақстанға арнап өткізген жалғыз іс-шарасы емес. Биылғы жылдың 1 наурызында да «Koryoin Global Network» мүшелері қазақ халқына алғыс білдірген болатын. Ұйым президенті Евгения Цхайдың айтуынша, олар алдағы уақытта да Қазақстанға қолдау көрсетуді жалғастыра бермек.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz