Соңғы жылдары тарихи Отанына көшіп барып, кейін қайтадан қазақ сахарасына оралып жатқан өзге ұлт өкілдері де көбейді, деп хабарлайды 24KZ. Солардың бірі – бір жыл бұрын Германиядан туған өлкесі Солтүстік Қазақстан облысы Тайынша ауданындағы қараусыз қалған Нагорное ауылына оралған Денис. Қазір ол ешкі, тауық өсірумен айналысып, асыл тұқымды жылқы баптап, түлік түрін көбейтіп отыр.
Денис Шеминг ата қонысы Германияға ата-анасымен 9 жасында көшіп кеткен. Шетелде 30 жыл тұрған ол туған жері Нагорное ауылына қайтып оралды. Қазір осында тұрады. «Бұл жаққа Қазақстанның дарқан даласын аңсап келдім», – дейді Денис.
Денис Шеминг, Нагорное ауылының тұрғыны:
- Қазақстан жердің көлемі жағынан Германиядан 7,5 есе үлкен. Ал халық саны аз. Ол жақта 83-84 миллион адам тұрады. Сондықтан осылай емін-еркін өмір сүре алмайсың. Мен болсам кең даланы аңсадым. Сондықтан туған жеріме көшіп келдім.
Денис Шеминг ауылдан үй алып, шағын шаруашылық құрды. Қазір жылқы, ешкі, шошқа, құс ұстайды. Ет-сүтінен табиғи таза тағамдар дайындайды. Ал жақындары Германияда қалып қойған.
Денис Шеминг, Нагорное ауылының тұрғыны:
- Мен мұнда толық тыныштықтамын. Мал ұстап, ауылдың өмірінен ләззат аламын. Әр күнімді әлеуметтік желіге жариялап, адамдарға жақсы көңіл күй сыйлаймын. Жергілікті тұрғындар да мені жақсы қарсы алды.
«Бұл жақта құдықтан су тасып ішсем де бақыттымын», – дейді Денис. Ол ауылдан тағы бір үйді сатып алып, шағын қонақ үй салуды жоспарлап отыр. Оны өзі секілді шалғайға жан рақатын іздеп келетін адамдарға жалға бермек.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков
Тегтер #ҚХА 30 #1 мамыр #СҚО #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz