RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда 1 мамыр мерекесі «Бірлігі жарасқан Алматы» атауымен өтті

01.05.2025, 19:00 610

«Бірлігі жарасқан Алматы».

Биыл шаһардағы 1 мамыр мерекесі осындай атаумен өтті. Қазақстан халқы Ассамблеясының 30 жылдығына орайластырылған мерекелік шарада достық фестивалі, концерттер, көрмелер мен флешмобтар ұйымдастырылды. Тіпті еліміздегі ең ұзын лағман тағамы әзірленіп, рекорд тіркелді. Аспаздар мен тұрғындар 1704 метрлік лағман нанын дайындады. Оған 19 келі ұннан иленген қамыр кетті. 

Алматыдағы мереке Абай алаңынан бастау алды. Ұлттық киімдерін киіп, жасанған этномәдени орталықтардың өкілдері келішулермен суретке түсіп, ұлттық салт-дәстүрімен, өнерімен бөлісті. Ал бас сахнада Қазақстанның танымал өнер жұлдыздары ән салып, би биледі.

Аягүл Миразова, ұстаз, Қазақстанның Еңбек Ері:

- Халқымыздың бірлігі тірлігі бұл таптырмайтын табыс. Сондықтан да бүгін Қазақстан халқының бірлігінің мерекесі мен не тілеймін, ана ретінде ұстаз ретінде тілейтінім, бірлік бар жерде тірлік бар деген татулығымыз, елімізге сіңіретін еңбегіміз біздің ортақ. Қазақстанымыз көркейе берсін, еліміз аман болсын.

Нурия Ниязова, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Достық, ынтымақ жолында көп нәрсеге қол жеткіздік. Ең бастысы біздің мемлекетімізді әлем тұрақты, біртұтас ел ретінде таниды. Тәуелсіздік пен бірлік – бұл бүгінгі Қазақстанның бейнесі.

Ал Тұңғыш президент паркінде «Бірлік жарысы» өтті. Бұл жарыс еліміздің барлық өңірінде бір мезгілде ұйымдастырылды. Қатысушылар саябақ аумағында 4 шақырымды жүгіріп өтті. Олардың қатарында Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, кәсіби спортшылар, қала тұрғындары бар.

Омар Мохаммедсаруар, ҚХА мүшесі:

- Бұл жүгіріске еліміздің барлық азаматтары қатысуда. Одан басқа шетелдіктер де бұл жүгіріске жылда қатысып тұрады. Осы жүгіретін халық санын айта кетсек, ол 100 мыңнан астам адам тіркеліп отыр. Еліміздің 20 өңірінде бір уақытта бірдей, қатысушылар осы жүгірісті бастап кетуі осы бірліктің ең басты символы болады. 

Мегаполистегі мерекенің ең есте қаларлық сәті ең ұзын лағманды дайындау болды. Ұлттық тағамдарды насихаттау мақсатында өткен шараға Жетісу ауданының тұрғындары, түрлі этнос өкілдері белсене қатысты. Ал Қазақстан рекордтар кітабының өкілдері тағамды әзірлеу барысын бақылап, елімізде жаңа рекордты ресми түрде тіркеді. 

Румиля Ризайденова, Алматы қаласының тұрғыны:

- Негізі лагман ұйғыр халқының ең дәмді тағамының бірі, ұлттық тағам. Бүгін біз рекорд орнатып жатырмыз. Мына жердегі атмосфера енді айта алмаймын. Өте керемет.

Мерекелік іс-шаралар Алматының барлық 8 ауданында өтті.  Әлеуметтік жәрмеңкелер, спорттық турнирлер, абаттандыру акциялары мен қайырымдылық бастамалары мерекенің мәнін арттырды.

Гүлжан Көленқызы, Кенже Амраев, Сұлтан Бейсекенов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz