Алматылық оқушылар бірлік күнін ерекше атап өтті.
Ұлттық киімдер киген мыңға жуық бала достық шеруіне қатысты. Қала тұрғындарын айтулы күнмен құттықтады. Қазақстан халқы үшін бұл күн дәстүрлі әрі маңызды мерекелердің біріне айналды. Сондықтан шерудің мақсаты бірлік пен татулықты дәріптеу.
Оқушылар бүгінгі мерекені достық шеруімен бастады. Ұлттық киім киген 800 бала сап түзеп қала көшелерімен жүріп өтті. Оқушылар бұл мерекенің тарихын, мән-мағынасын жақсы біледі. Сондықтан сән-салтанатымен атап өту үшін тыңғылықты дайындалған.
Ясмин Мирсадыкова, мектеп оқушысы:
- Оқушылар парламентінің президентімін. Сіздерді 1 мамыр Қазақстан халқының біргілі күнімен құттықтаймын. Осыған байланысты мектебімізде үлкен іс-шара өтуде. Барша халқыма тілерім – деніміз сау, еліміз аман болсын!
Мектеп ауласына үлкен киіз үй тігіліп, іші қазақи нақышта безендірілді. Кең дастарханға әр ұлттың тағамдары қойылды. Жастар оларды дайындау әдісіне қанықты. Ұлттық киімдердің де түрлерімен танысып, қалай тігілетіні туралы ақпарат алды.
Әлия Саламатова, №144 мектеп-гимназиясының директоры:
- Бұл шараға біз шамамен бір ай дайындалдық. Балалар мерекелерді сағынып қалыпты. Бір жағынан оқу жылы аяқталып қалды. Сабақтар тәмамдалып жатыр, алда емтихандар. Бірақ біз бұл мерекені асыға күттік. Дайындыққа ата-аналарымыз да атсалысып, бізді қолдады.
Мерекелік шара концерттік бағдарламаға ұласты. Оқушылар халық билерін билеп, ән айтты. Іс-шараның мақсаты ата-ана, бала мен мектеп арасындағы байланысты нығайту, дейді ұйымдастырушылар.
Аршын Кемелжан, Сержан Жұмабаев
Тегтер #Алматы #1 мамыр #оқушы #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz