RU
Толық нұсқаға өту

Рақымжан Қошқарбаев рейхстагқа 7 сағат бойы еңбектеп жеткен

02.05.2025, 14:20 919

Осыдан 80 жыл бұрын 30 сәуірде Рақымжан Қошқарбаев жауынгер Григорий Булатовпен бірге Рейхстагқа Кеңес одағының туын тіккен болатын. Ол осы арқылы сұрапыл соғысқа нүкте қойды. Қанды қырғын шебіндегі қазақ батырының ерлігі ғасырға жуықтаса да, ел есінде мәңгі сақталмақ. Жеңіс күні қарсаңында бізде жауынгеріміздің өнегелі өмір жолын еске түсірдік.

Сұрапыл сұм соғыстың аяқталуына бірнеше күн қалғанда тарихты түбегейлі өзгерткен Рақымжан Қошқарбаев пен Григорий Булатов еді. Осыдан тура 80 жыл бұрын қарша жауған от пен оқтың ортасынан өтіп, жау ордасына қос жауынгер 7 сағат бойы еңбектеп жетеді.

Рахымжан Қошқарбаев майдан даласына 1944 жылдың қазан айында аттанады. 150-ші атқыштар дивизиясында взвод командирі болып, Беларусь, Польша ұрыстарында ерлік көрсетеді. 1945 жылы Берлин түбіндегі шайқасқа барады. Кейін оны батальон командирі Рейхстагқа ту тігуге аттанатын топты басқаруды тапсырады. Бұл өліммен пара-пар жауапкершілік еді. Оны да қазақтың батыр ұлы абыроймен атқарып шығады. 

Қанат Еңсенов, тарих ғылымдарының кандидаты:

- Қасында Григорий Булатов деген жігіт болады. Екеуінің бірінші болып ту тіккені рас екен. Кейінгі деректерге қарағанда түскі сағат 14:30-да Рейхстаг төбесіне ту тіккен.

Қошқарбаевтың ерлігі ақыры мойындалды. Тек араға алпыс жылдан астам уақыт салып. Өкініштісі, батырдың көзі тірісінде КСРО тарапынан оған лайықты құрметтің көрсетілмеуі ғана.

Тарих беттерінде басқа адамдардың есімі жазылды. 2007 жылдың 7 мамырында Ресейдің әскери тарих институты Рейхстагқа ту тіккен 150-ші атқыштар дивизиясының лейтенанты Рақымжан Қошқарбаев екенін мойындады.

Еркін Әбіл, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Қошқарбаевтың сол кездегі ерлігі кеңес әскерін жігерлендіріп, рухын оятты. Рахымжан өлім мен өмір арасында жүріп, тайсалмастан жеңіс туына ұмтылды. Осы ерлігі үшін лейтенант Рақымжан Қошқарбаев пен жауынгер Григорий Булатов Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынылды. Бірақ ол тек Қызыл Жұлдыз орденімен марапатталған еді.

Рақымжан Қошқарбаев 1924 жылы 19 қазанда Ақмола облысының Тайтөбе ауылы маңындағы қыстақта дүниеге келген. Оған ананың мейірімі мен жылы алақанын, әкенің қамқорлығын сезіну бұйырмады. 4 жасында анасы дүниеден өтті, ал әкесі болса жалған саяси жаламен сотталып кетті. Халық жауының ұлы деп қарағандары да болды. Қаршадай ұл тағдырдың бұл сынағына сынбады. Әскери борышын өтеп, майдан даласына бет алды. Ерлігімен ел есінде қалып, халық жауының ұлынан халық қаһарманы атағын иеленді.

Авторлары: Кәмшат Мұхамеджан, Жарқын Өрден

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz