RU
Толық нұсқаға өту

Жәдидшілер деген кімдер?

03.05.2025, 21:15 923

Өзбекстанда XX ғасырдың басында Түркістан Республикасын құруға атсалысқан «Жәдидтер» деген саяси күш болған, деп хабарлайды 24kz.

Мұсылман зиялыларының прогрессивті қозғалысы жайлы көрші елде соңғы кезде көп айтылып жүр. XIX ғасырдың соңында Түркістан аймағы Ресей империясының қол астына өтті. Жәдидтер Бұхараның соңғы әмірі Мұхаммед Әлім ханға қарсы шығып, тәуелсіздікке ұмтылды. Саяси күштің Алаш қозғалысымен байланысы болған ба?

Дулат Нуркин, тілші:

- Жәдидшілер Өзбекстанның қазіргі аумағында қызмет етті. Олар медреседен сауат ашып отырған жастарды, дәстүрлі білімге шақырып, жаңа қоғам құрғысы келді. Алайда Кеңес Үкіметі саяси күшті тұншықтыру үшін барын салды. Белсенділерінің көзін құртып, мүше болғандарын жер аударды. Жалпы репрессия жылдары Өзбекстанда 13 мың адам ату жазасына кесілген. Жәдидшілердің «Алаш Орда» партиясымен де байланысы болған. Мұны Өзбек тарихшылары растап отыр.

Бахтиёр Хасанов, тарих ғылымдарының докторы, профессор:

- Түркістан автономиясы Қоқанда құрылғанда алаш қайраткері Мұхаметжан Тынышбаев тұңғыш президенті болып сайланды. Ол кезде өзбек қаласында неге қазақ азаматы президент болды деген сөз ешбір жерде айтылмады. Себебі бәрі де бір мүддеге, бір мақсатқа жұмыс істеді. Ал Мұстафа Шоқай екінші президенті болған. Сондықтан біз тарихты бөліп жармай, тегіміз бір халықтар ретінде түркі тарихы ретінде қараймыз.

«Алаш» партиясымен салыстырғанда жәдидтер ұлттық қозғалыс болмаған. Негізін қырым татары Ысмайыл Ғаспыралы қалаған. Олар сол кездегі басқа пантүркілік ұйымдар сияқты еді. Алаш зиялылары сияқты жәдидтер қозғалысының өкілдері де 1980 жылдардың соңында ақталды.

Кабулжон Сабиров, Өзбекстандағы ШЫҰ Халық дипломатиясы орталығының директоры:

- Жәдидшілер заманында айтылған кейбір нақыл сөздер күні бүгінге дейін өзінің маңыздылығын жоғалтпаған. Бабалар өсиетін өскелең ұрпаққа жеткізу бізге парыз. Тарихтың шын бейнесі ашылған сайын жәдидшілердің отансүйгіштігіне, достыққа беріктігіне ең бастысы халықының болашағына деген алаңдауларын аңғаруға болады.

Халықаралық семинарда жәдидшілердің жазған еңбектері мен жасаған ерліктері сөз болды. Жалпы соңғы кезде прогрессивті саяси күш жайлы көрші елде жиі айтылып жүр. Бұл үрдіс жәдидшілердің рөлін арттырып қана қоймай, жаңа қоғам құрудағы саяси технология іспетті.

Авторы: Дулат Нуркин

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz