RU
Толық нұсқаға өту

Қостанай облысында жөнделген жол жарамсыз күйге түсті

04.05.2025, 09:20 575

Қостанай облысының Меңдіқара ауданында төрт жыл бұрын жөнделген жолдың тоз-тозы шығып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Жергілікті тұрғындар оны қиыршықтас пен асфальт тасыған ауыр жүк көліктері бүлдіргенін айтады. «Бірақ аудандық әкімдік бақылаушы орган бәрін тіркемегендіктен, дәлел-айғақ жоқ», – дейді.

Меңдіқара ауданының орталығы Боровской кентінен Ұзынағаш ауылына дейінгі облыстық маңыздағы күрежолдың 27 шақырымы төрт жыл бұрын тақтайдай тегістеліп, жөнделген болатын. Ал енді қазіргі күйі осындай. Ойдым-ойдым, әр жері шұрық-тесік.

Боровскойдан Ұзынағашқа дейінгі 60 шақырым аралықта бірнеше елді мекен бар. Сол ауыл тұрғындар көп жыл бойы жол азабын тартып келеді. Ал төрт жыл бұрын аудан орталығынан жөндеу жұмыстары басталғанда олардың қуанышында шек болған жоқ. Бірақ ол ұзаққа созылмады. 

Арман Сұлтанбеков, Теңіз ауылының тұрғыны:

- Былтыр Қараталдың жолын істеген. Сол Камаздар үлкен техника щебенка, бәрін тасып, бүлдіріп тастаған, быт-шытын шығарып. Енді біз сорлап жатырмыз. Ана жолы стойкасын сындырып алдым осы жолмен.

Сержан Сейдахметов, Жарқайың ауылының тұрғыны:

- 25 минут жүретін жерді бір сағат жүреміз ғой. Жаңбыр жауса, бітті дей бер, батпақ-батпақ боласың, машина да, өзің де. Көктеректен бері қарай жай ескі асфальттың үстіне 3 километр ме сала салды ғой асфальт. Бұл жерде мүлде шашылып жатыр. Астында өйткені жоқ «основаниясы». Қазір сол былай ғой.

Былтыр Ұзынағаш ауылынан кері қарай 28 шақырым жол жөнделді. Биыл тағы 5 шақырымы қалпына келтіріледі. Ал төрт жыл бұрын жөнделіп, жарамсыз күйге түскен қалған бөлігінің ой-шұңқыры бітеліп тегістелмек.

Арман Хасенов, Меңдіқара аудандық ТҮКШ бөлімінің басшысы:

- Бұдан бөлек, осы жол учаскесінде Қасқат ауылына дейінгі бұрылыс жолдың да әбден тозығы жеткен. Екі жылдың ішінде соны толық жөндеп шығу көзделіп отыр. Қарамай, Шиелі ауылдары арқылы өтетін 24 шақырым бұл жолдың бойында көктемде көп су жиналады. Сондықтан қосымша су өткізгіш құбырлар салуды қажет етеді. Содан кейін барып қана бергі бөлікті бастан-аяқ қалпына келтіреміз.

Арман Хасеновтың айтуынша, бұл жолдың топырақ қабаты ауыр салмақты жүк көліктеріне есептелмеген. Бірақ соны қанша айтсақ та, бақылаушы өкілетті орган анықтап, тіркеген жоқ деп отыр. Сондықтан мердігерге кінә арту қиын. Ал ресми мәлімет бойынша аудандағы көлік жолдарының 90% қанағаттанарлық жағдайда.

Авторлары: Мағауия Қалиев, Сергей Трахтенберг

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz