Биыл Сәтбаевта 40-қа жуық ойын алаңы салынады, деп хабарлайды 24KZ. Жасөспірімдер бос уақытын тиімді өткізуге арналған «Оқушылар аллеясы» ашылады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 500 млн теңгеден астам қаржы бөлінді. Заманауи үлгідегі ойын алаңдары қаланың ескі бөлігінде орнатылады.
Сәтбаев қаласында балалар ойын алаңдарының басым бөлігі талапқа сай келмейді. Әсіресе қаланың төменгі бөлігінде орналасқан ескі ауданда мәселе өзекті. Көпбалалы ана Виктория Полянина: «Мұндағы ойын алаңқайлары көптен бері жаңартылмады», – дейді. Жаңарту былай тұрсын, сынған кем-кетігі де жөндеу көрмепті. Соған қарамастан қауіпсіздік талаптарына еш сай келмейтін алаңқайда балалар ойнауға мәжбүр. Өйткені көрші ауладағы жағдай да дәл осындай.
Виктория Полянина, қала тұрғыны:
- Біздің аудандағы қай аулаға барсаңыз да – осы көрініс. Әткеншектер сынған, сырғанақтарын тот басқан. Кейбір ойын элементтері мүлде жарамсыз. Осыдан 3-4 жыл бұрын пайдалануға берілген алаңқайлардың да жағдайы мәз емес.
Қалада балалар алаңына сұраныс өте жоғары. 110 аулаға алаңқай салу қажет. Жергілікті билік: «Бұл сұраныстың тең жарымын биыл орындаймыз», – дейді. «Күзге дейін 40-қа жуық алаң орнатамыз», – дейді қала әкімінің орынбасары. Оған жергілікті қазынадан 500 млн теңгеден астам қаржы бөлінген.
Ахмет Сыздыманов, қала әкімінің орынбасары:
- Бұрын-соңды балалар алаңы болмаған жерлерге орнатылады. Барлығы 38 алаң. 4-5 алаң бір лотқа бөлініп, конкурстық жұмыстар болды. Қазір 3 лот бойынша шықты. Жұмыстар алдағы уақытта басталады. Мердігерлер қазір сәйкес заттарды алып, дайындалып жатыр.
Ондаған элементтен тұратын заманауи ойын алаңдары жаздың алғашқы айынан бастап орнатыла бастайды. Сонымен қатар тозығы жеткен ескі алаңдар да жаңартылады. Ол мақсатқа 15 млн теңге қаржы бөлінді. Ойын алаңқайларынан бөлек, қалада спорттық алаңдар мен демалыс орындарына да үлкен сұраныс бар. Қала билігі тұрғындар тілегін ескере отырып, бірнеше аллея салуды жоспарлап отыр. Соның бірі «Оқушылар аллаеясы» деп аталады. Түрлі мәдени шаралар өткізуге ыңғайлы, тегін интернетпен қамтылған алаң қаланың орталығында бой көтереді.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрбол Үздікбаев, Гүлшаһира Серекбаева
Тегтер #Сәтбаев #ойын алаңы #Оқушылар сарайы #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz