RU
Толық нұсқаға өту

Ғасыр жасаған соғыс ардагерлері ақ батасын берді

04.05.2025, 09:40 825

Түркістан облысында Жеңістің 80 жылдығына орай соғыс ардагерлеріне құрмет көрсету шаралары басталды, деп хабарлайды 24KZ. Қазір өңірде Екінші дүниежүзілік соғысқа қатысқан 8 ардагер тұрады. Соның бірі 102 жастағы Сарыағаш қаласынның тұрғыны Ермохан Ишхонов болса, екіншісі – ғасыр жасаған Жетісай қаласының тұрғыны Пётр Папков. Қарт майдангерлер енді соғыс болмасын деген тілек айтты.

Петр Кузьмич 1925 жылы Татарстан Республикасының Максимовка ауылында дүниеге келген. 1942 жылы әскер қатарына шақырылып, 73 гвардияның 105 полкі құрамында соғысты. Киев, Бухарест, Венгрия қалаларын азат етуге қатысты. Елге 1950 жылы оралып, отбасын құрды. Тұралаған ауыл шаруашылығы саласын қалпына келтіруге атсалысты. Зейнетке шыққанға дейін трактор тізгіндеп, адал еңбек етті. «Отан Соғысы» ордені,  «Еңбек ардагері» және «Құрмет белгісі» медалімен марапатталды. Қазір төрт қызынан 5 немере, 9 шөбере сүйіп отыр.

Зебинисо Акрамова, Петр Попковтың немересі:        

- Атамыз бір айдан соң дәл 100 жасқа толады. Биыл Жеңістің 80 жылдығына орай 5 млн теңгеден көмек көрсетіледі деп жатыр. Алдыңғы жылы пәтер сыйлаған болатын. Одан бөлек, түрлі сый-сияпат жасалып, құрмет көрсетіліп жатыр. Аудан әкімдігінен, орталық ауруханадан дәрігерлер келіп, жағдайын сұрап, халін біліп тұрады.

Айдархан Жүнісбеков, Жетісай ауданының прокуроры:

- Ардагерлерімізді құрмет тұту, олардың ерліктерін келешек ұрпаққа дәріптеу ол біздің парызымыз деп білеміз.

Ал 102 жастағы Сарыағаш ауданының тұрғыны Ермохон Ишхонов 1923 жылы Ташкент облысы, Калинин ауданында дүниеге келіпті. 1942 жылы майданға аттанып, Берлинге дейін барды. I дәрежелі «Отан соғысы», «3 дәрежелі даңқ» орденінің және «Мінсіз қызметі үшін» медалдарының иегері. Ардагер соғыста бастан кешкен оқиғаларын баяндап, ақ батасын берді.

Ермохон Ишхонов, соғыс ардагері:

- Украина, Польша, Чехословакия, Германия – осы жерлерде 102 гвардия болды. Украина деген ел теп-тегіс жер болады екен. Әр жердің бәрі су, өзен, көл. Жердің бәрі батпақ, былай бассаң, о анау жер қайнайды. Сәл жүрсең, түсіп кетесің. Немере-шөберелердің қызығын көріп, қосақтарыңмен қоса ағарып, ойнап-күліп, аман жүріңдер, Әумин!

Ермохан Ишхонов 4 ұл, 3 қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде 33 немере, 49 шөбере мен 6 шөпшектің атасы атанып отыр. Қарт майдангер бүгінгі бейбіт күннің бағасын білуге шақырды. Айта кетейік, сұрапыл соғыс жылдары Түркістан өңірінен майданға 140 мыңнан астам сарбаз аттанып, тең жарысы жат жерде жан тапсырды. Жеңісті жақындатқан батыр аталардың ерлігі ұрпаққа ұран, елге мұра.

Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz