Елде таза қанды үш мыңнан астам қазақы тазы бар.
Бүгінде осы қолда бар тұқымды сақтап, көбейтуге күш салынып отыр. Елордадағы көрме орталығындағы халықаралық көрмеде 50-ден астам тазы көпшілікке таныстырылды. Ұлт қазынасына айналған жануарларға сарапшылар баға берді.
ЭКСПО көрме орталығында иттер көрмесі өтті. Көрмеге иелері 400-ден аса ит әкелген, оның 50-ден астам тазы. Халықаралық деңгейдегі төрешілер тазылардың түр-тұлғасына баға берді.
Нұрқанат Қанапия, тілші:
- Халықаралық көрме орталығындағы иттер көрмесінде қазақы тазыға ерекше назар аударылды. Төрешілер бұлардың дене тұрқына, дене мүшелерінің бітіміне, тіпті азуына дейін қарады. Сондай-ақ төлқұжатта көрсетілген ата тегі де бұл жерде маңызды. Осындай параметрлерге қарап, бұларға, тазыларға таза қанды, нағыз қазақ тазысы деген мәртебе берілді.
Астаналық Мейрам Қасымның 10 тазысы бар. Бүгінгі көрмеге 5 итін әкелді. Еңбегіне қарай төрт тазысы төрешілер тарапынан жоғары бағаланды.
Мейрам Қасым, итбегі:
- Екеуі жүлде алды, бірінші орын. екеуіне ең жоғары баға берді күшіктерге. Күшіктердің арасында 1-орын. И қаншықтардың арасында 2-орын. Мына екі күшікке жоғары баға берді родословный деп, тазы деп, қазақы тазы деп баға берді.
Мейрам балаларын да итбегілік өнерге баулып жүр. Олар тазыларды күтіп-баптауға көмектеседі. Бірге аңға шығады, жетектеп серуенге де алып барады. Әр баланың өз тазысы бар.
Әлия Мейрамқызы:
- Әрдайым осы итпен серунге шығамын. Және тамағын беріп, әрдайып осы итпен жүремін. - Ойнатасың, иә, жуындыратын кездерің де бола ма? - Иә, оны бірақ әкем өзі қадағалайды.
Темірлан Мейрамұлы:
- Мен мектептен кейін үйге асығамын. Күшікпен ойнауға , серуенге шығамын. Ойнаймын.
Астаналық Әділжанның Таймасын да төрешілер оң бағалады. Бұл екі жасар Таймастың үшінші көрмесі. Былтырғы көрмелерде үшінші орынға ие болған тазы бүгін екінші орынды еншіледі. Жалпы былтыр Халықаралық кинология федерациясы қазақы тазы тұқымын мойындап, Қазақстанды тұқымның иесі ретінде таныған еді. Қазір елде 3 мыңнан астам таза қанды тазы бар. Кинологтар одағы осы тазылардың тұқымын сақтауға, оларды көбейтуге бейіл.
Бауыржан Серікқали, Қазақстан кинологтар одағының президенті:
-Былтыр болған мойындау - ол алдын ала мойындау. Өзі тәртіп бойынша, ереже бойынша он жыл беріледі, кем дегенде. 15 жыл да болуы мүмкін. Бізге байланысты, Қазақстанға байланысты. Қалай ол өзінің тұқымын дамытады, шетелге шығарып көрсетеді. Көрдіңіз ба, ииттерге, бұл тұқымға спрос пайда болуы керек халықаралық кинологтардан, ит баптаушылардан.
Сұранысты көбейту үшін насихатты күшейту қажет. Халықаралық сарапшылардың айтуынша, халықаралық деңгейдегі іс-шараларға баса көңіл бөлу маңызды. Тіпті шет елдерде ит өсіріп, оларды тарататын ұйымдар ашқан жөн.
Вия Ключниеце төреші /Латвия/:
- Қазақстанда қазақы тазыға айрықша қамқорлық жасалып отыр. Ел арасында бұларды өсіретіндер көп екенін көрдім. Осы бағыттағы жұмыстар қарқынмен жүргізіле берсе, тазы әлемдік деңгейде толық мойындалады деп ойлаймын.
Далибор Антич төреші /Сербия/:
- Қазақстанда тазы тұқымына Мемлекет басшысының өзі қамқорлық көрсетіп отыр. Мәселен, Франция Президенті Макронға тазы күшігін сыйлағаны тазыға керемет жарнама болды. Соның арқасында әлемдік қауымдастық тазыны тани түсті. Ендігі мәселе шет мемлекеттерде тазыны өсіріп, тарататын орталықтар ашу қажет.
Екі жыл бұрын елде тазы тұқымын қорғау бойынша заң қабылданды. Осы заң шеңберінде ұлттық орталық құрылысы қолға алынбақ. Сондай-ақ кинологтар одағы елдегі барлық тазыны есепке алып, құжаттандыруды көздеп отыр.
Нұрқанат Қанапия, Қанат Махмұтов
Тегтер #шетел #тазы #орталық #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz