«Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» республикалық жолының құрылысы басталды, деп хабарлайды 24KZ. «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» халықаралық дәлізінің бұл бөлігі әбден ескіріп, көлік қатынасын қиындатқан еді. Жүргізушілер мен жолаушыларды мезі еткен бағытта сапалы жол қашан қолданысқа беріледі?
«Ақтөбе – Хромтау – Қарабұтақ – Ұлғайсын» бағыты соңғы рет 20 жыл бұрын күрделі жөндеуден өтті. Екі жолақты, 3-ші санаттағы жолмен тәулігіне 5 мың көлік жүріп өтеді деген есеп болған. Алайда бүгінде ағылып жатқан автомобиль легі 3 есе артып, 15 мыңға жеткен.
Ұзындығы 262 шақырым болатын жоба 7 учаскеге бөлінді. Жолдың алғашқы 28 шақырымын төсеуге дайындық былтыр күзде басталған. Мердігер топырағын тасып, табанын төседі. Енді асфальт жабындысына кіріседі.
Жол салуға қажетті зауыт құрылысы тәмам болған. Дәл қазір, міне, соңғы дайындық жұмыстары жүріп жатыр. Мына асфальт шығаратын қондырғы және қиыршықтасты әзірлейтін құрылғы аптаның соңына дейін іске кіріседі.
Ақтөбе мен Қарабұтақ, Ұлғайсын елді мекендерін байланыстыратын жол төрт жолақты, бірінші санатты болады. Бұл қозғалысы қарқынды бағытта қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін де қажет. Сонымен қатар жолаушылар және жүк тасымалын ұлғайтуға мүмкіндік береді. Мердігер мекеме өкілдері жыл соңына дейін әзірге екі жолағын ашуды көздеп отыр.
Исмет Абилов, мердігер мекеме өкілі:
- Қазір 28 шақырым жолдың табанын төсеу жұмыстарының 85% аяқталды. Енді қиыршықтас пен асфальт-бетон жабындысына кірісеміз. Нысанда 190 адам еңбек етіп жатыр. Құрылыс қызған кезде қосымша жұмысшы аламыз. Техникамыз жеткілікті. Жыл соңына дейін бір бағытты аяқтауды жоспарлап отырмыз.
Республикалық жолдың қалған 6 бөлігі де мемлекеттік сараптамадан өтіп, маусым айында мердігерлер анықталады. Құрылыс компаниясы мен тапсырыс беруші тарап тиісті келісімшартқа қол қойған соң «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» бағыты 3 жыл ішінде толығымен аяқталуы тиіс.
Ринат Оразғалиев, «ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ облыстық филиал басшысының орынбасары:
- 2024 жылы анықталған мердігердің учаскесінде ол республикалық бюджеттен бұл жерде 57,1 млрд теңге қарастырылған. Қазіргі таңда жұмыстар жалғасып жатыр. Қалған 6 телім бойынша жобамен 500 млрд-тан астам қаржы бөлінеді.
Жоспарға сай «Ақтөбе – Қарабұтақ – Ұлғайсын» бағытының алғашқы бөлігі 2028 жылы толықтай аяқталуы тиіс.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Болатбек Молдағалиев, Айбек Даутов
Тегтер #республикалық жол #құрылыс #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz