Көкше өңірінде әлеуметтік нысандар құрылысы жанданды, деп хабарлайды 24KZ. Жыл соңына дейін 40-тан астам нысан бой көтереді. Қатарында білім беру ошақтары, мәдени және спорттық мекемелер, және денсаулық сақтау ұйымдарының құрылысы қарастырылған.
Көкше өңірінде жыл соңына дейін 40-тан астам әлеуметтік нысан бой көтереді. Ауқымды жобалардың бірі – Көкшетау қаласындағы спорт кешені. Кешен 650 көрерменге арналған. Мұнда бокс, күрес, ауыр атлетика, үстел теннисі залдары, құзға өрмелеу қабырғасы және өрт сөндіру спортына арналған мұнара орналасады. Кешен маңындағы аумақта жаттығу алаңдары және жеңіл атлетика жолдары салынады.
Руслан Тоқпанбаев, жоба жетекшісі:
- Кешеннің Қазақстанда баламасы жоқ. Нысанда екі спорт залы, төтенше жағдайлар қызметтерінің жаттығуларына арналған алаңдар бар. Қазір құрылысқа 7 техника мен 70-тен астам адам жұмылдырылды. Кестеден кешігу жоқ. Желтоқсан айында кешенді қолданысқа береміз.
Зеренді ауылында да спорт мектебінің құрылысы жүріп жатыр. Мектепте 1500-ден астам адам спортпен айналыса алады. Ал Қосшы қаласында жаңа аурухана салынып жатыр. Мұнда күн сайын 1000 адамды қабылдай алады. Сондай-ақ медицина қызметкерлеріне арналған 96 пәтерлі тұрғын үй бой көтереді. Бұдан бөлек, Көкшетау қаласында аурухана құрылысы қолға алынды.
Игорь Простихин, жобаның бас инженері:
- Жобаны екі жылда толық жүзеге асырамыз. Іргетасын құю жұмыстары жүріп жатыр. Осы уақытқа дейін 10 мың текше метр бетонды құйдық. Биыл барлық темірбетон жұмыстарын аяқтаймыз деген жоспарымыз бар. Қазір аурухана осы өңір халқы үшін өте қажет нысан болып отыр.
Жалпы өңірде биыл 1428 оқушыға арналған мектептер мен 840 балаға шақталған балабақшалар тұрғызылады. Сондай-ақ ауруханалардағы төсек саны 45 орынға ұлғайып, бір ауысымда 667 науқасты қабылдауға мүмкіндік туады. Бұдан бөлек, жыл соңына дейін бірнеше мәдени және спорттық нысан құрылысы аяқталады.
Авторы: Нұрқанат Қанапия
Тегтер #Көкшетау #әлеуметтік нысандар #спорт кешені #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz