Биыл Кеңес Одағының Батыры, академик, жазушы, қоғам қайраткері Мәлік Ғабдуллиннің туғанына 110 жыл толады. Айтулы дата батырдың туған жері Ақмола облысында кең көлемде атап өтіледі. Республикалық деңгейде бірқатар мәдени және әдеби шаралар ұйымдастырылады. Ғылыми-тәжірибелік конференция аясында тұлғалық музейлер фестивалі өткізіледі.
Зеренді ауданы Қойсалған ауылындағы осы Желтау тауының бөктерінде Мәлік Ғабдуллиннің балалық шағы өткен. Батырдың жерлестері мен жақын туыстары оны бала күнінен алғыр, құралайды көзге атқан мерген болған дейді.
Амантай Бекенов, М. Ғабдуллиннің немере інісі:
- Ғабдолла атамызбен біздің Бекен атамыз туған ағалы-інілі еді. Бекен атамыз саят құрып, құс атып, аң атып, қорап-қорап қояндарды ағайын туғандарын аш қылмай, бөліп береді екен. Қасында Мәлік ағамыз қалмай, бірге жүріп мергендікке үйренген.
Қазір Қазақстан бойынша Мәлік батырдың есімімен 9 мектеп аталады. Соның екеуі Ақмола облысында орналасқан. Көкшетаудағы осы білім ошағында 1929-1931 жылдар аралығында қоғам қайраткерінің өзі білім алған.
Нұржан Нұран, оқушы:
- Әрине, батыр Мәлік атамыз оқыған мектепте оқу мен үшін мақтаныш. Ол біз үшін батыр ғана емес, тәрбиеші, ақылшы болып табылады. Біз батыр атамыздың еңбегін таратуға еңбек етеміз, оны насихаттау үшін барын жасап жатырмыз. Біздің мектепте қазір «Мәліктанушы» үйірмесі жұмыс істейді.
Бұдан бөлек, 2021 жылы құтқарушыларды дайындайтын бірегей жоғарғы оқу орнына да батыр есімі берілді. Оның да өзіндік мәні бар. Себебі білім ордасы батыр мұрасын жан-жақты зерттеп келеді. Бірер жыл бұрын академия оқытушылары жазушының 100 нақыл сөзінен тұратын қойын кітапша шығарды.
Сандуғаш Қасымова, М. Ғабдуллин атындағы азаматтық қорғау академиясының кафедра профессоры:
- Неге қойын кітапшасы? Себебі мына курсанттардың өздерімен бірге алып жүруге ыңғайлы болу мақсатында және оның ішінде батыр бабамыздың нақыл сөздері ғана емес, сонымен қатар оның өмірі, қызметтік жолдары, алғаш марапаттары және батыр бабамыз туралы жазылған шығармалар мен мақалалар жиынтығының бәрі сол қойын кітапшаға еңгізілген.
Ғабдуллин мұрасын жаңғырту ісінде батыр есімімен аталатын музей ұжымының да еңбегі мол. Биыл бұл мұражайдың ашылғанына 30 жыл болды. Мұнда 7 мыңнан астам құнды жәдігер сақталған. Соның жартысына жуығы батырдың жеке заттары.
Кенжебай Мұқышев, М. Ғабдуллин музейінің директоры:
- Қай жерде қандай жәдігерлері бар, қандай жерде қалған тарихи деректері бар, соны жинап жатырмыз біз. Мәлік Ғабдуллин батырымыздың жалпы жәдігерлерін насихаттау барысы, музейге келіп жатқан халықтың саны жылдан-жылға көбейіп келеді.
Панфиловшылар дивизиясында ерлік көрсетіп, Кеңес Одағының Батыры атанған Мәлік Ғабдуллин қазақ әдебиетіне үлкен олжа салды. Қобыланды батыр мұрасын жан-жақты зерттеп, болашақ ұрпақ үшін сүбелі дүниелер қалдырды. Қазір қаламгердің жалғыз тұяғы Майдан Мәлікқызы Алматыда тұрады.
Авторлары: Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко
Тегтер #Мәлік Ғабдуллин #Жеңіс күні #7 мамыр #Кеңес Одағының Батыры #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz