RU
Толық нұсқаға өту

Алматыда әскери техникалар мұражайы ашылды

05.05.2025, 22:11 511

Алматыда Екінші дүниежүзілік соғыс кезіндегі жауынгерлік техникалардың ашық аспан астындағы мұражайы ашылды, деп хабарлайды 24kz.

Бірегей мұражайда жауға қарсы соғыста қолданылған 30-дан астам техника қойылған. Ұрыс даласындағы техникалардың әрқайсысының өз тарихы бар.

Ашық аспан астындағы мұражай қаладағы Армия үйінің аумағында орналасқан. 28 гвардиялық-панфиловшылар мемориалдық кешенінің бір бөлігі саналады. Мұражайдың салтанатты ашылуына Қорғаныс министрінің орынбасары, қала әкімдігінің өкілдері, Десанттық-шабуылдау әскерлері, Әуе қорғаныс күштері және Арнайы операциялар күштерінің әскери қызметшілері қатысты.

Шайх-Хасан Жазықбаев, ҚР Қорғаныс министрінің орынбасары:

- Қазақстан Республикасынан Отан қорғаушы ретінде аттанған ата-бабаларымыздың ерлігіне құрмет және де тылдағы майданды қамтамасыз ету үшін күн демей, түн демей терін төккен біздің апаларымызға құрмет. Және де өсіп келе жатқан өскелең ұрпақтарымызға үлгі ретінде ашып отырмыз.

Бірегей мұражайға қойылған 32 әкери техниканың ең көнесі 1931 жылы шыққан 152 миллиметрлік гаубица. Сондай-ақ БТР, танкілердің бірнеше үлгісі ұсынылған. Мұражай қызметкерлерінің айтуынша, бұл техникалардың кейбірін қазір тіпті ТМД аумағынан табу мүмкін емес. Тарихи экспонаттар еліміздің әр аумағынан жеткізілген. Мысалы, «Жеңіс танкісі» деген атау алған Т-34 танкісі Семейден әкелінген.

Гүлжан Көленқызы, тілші:

- Т-34 танкісі Екінші дүниежүзілік соғыс кезінде Кеңес Одағының ең әйгілі соғыс құралдарының бірі болды. Айтпақшы, осы танктерді жасау үшін Қазақстан жеріндегі Жезді кен орнынан алынған марганец қолданылғанын біреу білсе, біреу білмейді. Тарихқа жүгінсек, Ресей жеріндегі кен орындары жаудың қолына өтіп, марганецке тапшылық туындаған. Сол кезде академик Қаныш Сәтбаевтың бастамасымен Жезді кен орны жедел барланып, марганец алынады. 

Мұражайдағы экспонаттардың қатарында ауыр артиллериялық қаруларда бар. Бұл қару жаудың алынбайтын бекіністерін бұзып өту үшін арнайы жасалған. Әскери техника Астана қаласындағы полигоннан әкелінген.

Алматбек Назаров, Жауынгерлік данқ әскери тарихи мұражайының қызметкері:

- Үлкен калибрдегі ауыр артилериялық гаубица, оның лақап аты – «Сталиннің балғасы». Неге олай атаған? Себебі оның бір снаряды жүз килограмдай салмақпен тұрғаннан кейін ол атқан кезде доғал траекториямен ұшып келеді да түскен жерінде тұрған үлкен ғимаратты жоқ қылып жіберетін болған. Қирату үшін ғана емес, жоқ қылып жіберу үшін арналып жасалған.

БМ-13. Ел арасында «Катюша» аталып кеткен зымыран тасығыш та мұражайдан орын алды. «Катюша» зеңбіректеріне бірден 16 снаряд орнатылады. Ал ол снарядтардың біреуі 40-50 келі тартатын болған. Ұрыс даласында қолданылған әскери техникалардың мұражайы қала тұрғындары мен қонақтарының тарихқа көз жүгіртіп, өткенді еске алатын орнына айналмақ. 

Авторлары: Гүлжан Көленқызы, Кенже Амараев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz