RU
Толық нұсқаға өту

Елде жиналған қоқыстың тек 26% кәдеге асады

05.05.2025, 20:47 686

Қар еріп, жер қарайғалы, жеңіл қоқыс желмен ұшып жүр. Жұрт болып жаппай тазалыққа шықсақ та, тұрмыстық қалдық азаяр емес.

Айталық, жыл сайын елде 5 млн тоннаға тарта қалдық жиналады. Ал оның тек 26%-і қайта кәдеге асады. Қалғаны үйінділерде тау болып үйіліп қалады. Бұлай жалғаса берсе, қоқыстан қала тұрғызатын түріміз бар. Енді қайтпек керек? Елде неліктен қоқысты қайта өңдеу өндірісі кенжелеп тұр?

Елдегі көрсеткіш төмен. Мәселен, бас қалада жыл сайын 400 мың тоннаға жуық қоқыс жиналса, оның тек 17% ғана қайта өңделеді. Қалғаны қала сыртындағы полигондарда тау болып үйіліп жатыр. Қазір Астанада екі қоқыс полигоны бар, онда 6 миллион тоннадан астам тұрмыстық қалдық жиналып қалған. Осы түйткілді шешу үшін қайта өңдеу өндірісін қолға алып, арнайы жәшіктер орнатылған.

Медет Жалпыбаев, Астана қалалық қоршаған ортаны қорғау және табиғатты пайдалану басқармасы басшысының орынбасары:

- Сары контейнерлер бұл құрғақ қалдықтарға арналған. Ол қайта өңдеуге болатын пластик бар, қағаз, шыны материалдар. Жасыл және темір контейнерлерге келетін болсақ, бұл қайта өңделмейтін заттар. Тамақ қалдықтары, дымқыл қалдықтар. Қызыл-сары контейнерлер қауіпті қалдықтарға арналған контейнерлер.

Астанада мұндай контейнерлердің саны 18 мың. Яғни, 4 мың сары, 12 мың жасыл, 609 қызыл-сары қоқыс жәшігі бар. Олар 5 мыңнан астам алаңдарға орналастырылған. Алайда кейбір қала тұрғындары ауламыздан арнайы қоқыс жәшіктерін мүлде көрмейміз дейді.

Сары қоқыс жәшігі 4 мың

Жасыл және темір қоқыс жәшігі – 12 мың

Қызыл-сары қоқыс жәшігі – 609

Блиц 1:

- Ондай жағдай жоқ қой. Біз мусорға қоқысымызды апарайық десек бәрі бірдей. Оның сыртына жазып қою керек.

Блиц 2:

- Мен өз басымда барлығын бірге тастаймын. Өйткені барлығы баратыны бір жер.

Блиц 3:

- Сұрыптаған қоқысты бір жүк көлігі алып кетеді. Бір екі рет көрдім. Адамдар бірге тастағасын келіп, сұрыптап жатпайды ғой. Олардың міндеті алып кету.

Қоқыстың бәрін бірге жиып алып кетсе, арнайы контейнерлердің керегі не деген сұрақ тууы мүмкін. Эколог маманның айтуынша, қанша қиын болса да, халықты сұрыптауға үйрету керек. Ол үшін арнайы жәшіктерді көбейткен жөн.

Базарбек Қамысбаев, эколог:

- Сары жәшік болсын, жасыл жәшік болсын адамдар оны барлығы бірдей дұрыс тастамайды. Яғни, барлығы бірдей дұрыс тастаса, онда екінші рет жұмыс жасаудың керегі болмай қалады. Және халықтың арасынды ақпараттық түсіндіру жұмысын жүргізу керек. Бұл жерде көбінесе немқұрайлық танытпау керек. Және әр адам өзіне жауап беру керек.

Елде 94 сұрыптау орны бар. Оның 18-і Қарағанды, 8-і Қостанай облыстарында. 9-ы Шымкент қаласында жұмыс істеп тұр. Қалған аймақтарда да бірлі-екілі өндіріс орны бар. Ал Шығыс Қазақстан, Ұлытау өңірлерінде мұндай кәсіпорындар мүлде жоқ. Бүгінде жиналған қоқыстың тек 26%-і қайта өнделеді. Жауаптылар биыл тағы өндіріс орындарын ашып, бұл санды арттырамыз деп отыр.

 

Қоқысты қайта өңдейтін 94 өндіріс орны бар

Абай облысы – 2, Ақмола облысы – 4, Ақтөбе облысы – 3, Алматы облысы – 6, Атырау облысы – 4, ШҚО – 0, Жамбыл облысы – 4, Жетісу облысы – 3, БҚО – 4, Қарағанды облысы – 18, Қостанай облысы – 8, Қызылорда облысы – 6, Маңғыстау облысы – 3, Павлодар облысы – 5, СҚО – 5, Түркістан облысы – 4, Ұлытау облысы – 0 ,Астана қаласы – 2, Алматы қаласы – 4, Шымкент қаласы – 9.

Назгүл Алимсурина, ҚР ЭТРМ Қалдықтарды басқару департаментінің коммуналдық қалдықтар басқармасының басшысы:

- Қазіргі таңда еліміз бойынша 67 жоба іріктеліп алынды. Ол 67 жобаның ішінде 44-і қалдықтарды қайта өңдеуге бағытталған. 24-і қалдықтарды қайта сұрыптау желілерін немесе қайта салуға бағытталған. Қалған жобалар ол бізде қалдықтарды қайта шығару көліктерін алуға бағытталған.

Бұл алдағы жылдардың басты міндеті. Жобаларды іске асыру қайта өңдеу қуатын 1 миллион тоннаға арттыруға мүмкіндік береді. Құрылатын зауыттар толық жүктелген жағдайда қайта өңдеу үлесі 40%-ке жетеді. Жауаптылар осылай дейді.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz