Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде екі мәрте Кеңес Одағының батыры атанған төрт қазақстандық бар. Сол қаһарманның бірі – ұшқыш Сергей Луганский.
Оның әуе кеңістігіндегі әр шайқасы – жауға соққы, елге қорған болды. Тіпті батыр кезекті бір шабуылда Талғат Бигелдиновті жау ұшағынан қорғап қалған екен.
Сергей Луганский 1918 жылы Алматыда дүниеге келген. 20 жасында Орынбор әскери авиация ұшқыштар мектебін бітіріп, кейін Псков қаласындағы 14-авиациялық бригадада қызмет етті. Майданға алғашқы күндерден бастап қатысқан. Солтүстік-Батыс, Ленинград, Оңтүстік-Батыс және басқа да майдандарда шайқасты. Өзі 37 жау ұшағын, ал топ құрамында тағы 6 ұшақты атып түсірді.
Валерий Кузьменко, Азаматтық авиация академиясы әскери кафедрасының жетекшісі:
- Сергей Луганский мен Талғат Бигелдинов – бұл өр мінездің, ерліктің үлгісі. Бұл қасиеттер оңай келмейді. Бұл – дағды, бұл – шеберлік. Нағыз ұшқыш – ол немересінің қолынан ұстап, оған өзі қалай ұшқанын айтып беретін адам. Міне, осы – ұшқыштың шынайы жетістігі.
Курск аспанындағы бір шайқаста Сергей Луганский кеңестік ұшқышты жау ұшағынының шабуылынан қорғап, қауіптен құтқарады. Сол құтқарылған ұшқыш кейін Кеңес Одағының екі мәрте батыры атанған Талғат Бигелдинов екен.
Галина Бигелдинова, Т.Бигелдиновтің қызы:
- Әкем сол оқиғаны жиі еске алып әңгімелейтін. Шабуыл аяқталған соң аман-есен жерге қонған ұшқыштар асханада жолығып қалады. Сол сәтте бір-бірін енді таныған қос батыр, құшақтасады. Сол сәттен бастап олар дос болып кетті.
1945 жылдан кейін Сергей Луганский Кеңес Армиясының қатарында қалды. Ол әртүрлі әскери бөлімдерде басшылық қызметтер атқарды. 1950 жылдары ол әскери-әуе күштері жүйесінде оқытушылық және ұйымдастырушылық жұмыстармен айналысты. Жас ұшқыштарды даярлауға үлес қосты.
Дәулет Әбенов, тарих ғылымдарының кандидаты:
- 1949 жылға дейін өзінің өмірін әскери академиямен байланыстырды. Соны тәмамдағаннан кейін бұл кісі көп жылдар бойы 1964 жылға дейін 15 жыл бойы Кеңес Одағаның әскер қатарында өзінің қызметін атқарып, 1964 жылы генерал-майор деген әскери шенімен Алматы қаласына оралады.
Сергей Луганский 1977 жылы Алматыда қайтыс болды. Оның есімі болашақ ұрпақ үшін батырлық пен асқақ рухтың үлгісі.
Авторлары: А.Садуақас, С.Бейсекенов
Тегтер #Сергей Луганский #Жеңістің 80 жылдығы #Кеңес Одағының БатырыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz