RU
Толық нұсқаға өту

Ұлттық ұлан сапында полиглот сарбаз әскери борышын өтеп жүр

07.05.2025, 21:09 487

Түркістан қаласындағы Ұлттық ұлан сапында полиглот сарбаз әскери борышын өтеп жүр.

Шымкент қаласынан шақырылған Шахбоз Сатыбалдиев, 6 елдің тілін меңгерген. Тіл үйрену арқылы ол, сол халықтың мәдениеті мен болмысын терең түсінуге болатынын айтады. Қазір рухани шаһарда қоғамдық тәртіпті күзететін ол туристерге жол көрсетіп жүр.

Жас сарбаз Шахбоз Сатыбалдиев Ұлттық ұланының 5574 әскери бөліміне 5 ай бұрын шақырылған. Бойы ұзын, зерек жігіт ұлты тәжік болғанымен қазақтың тілі мен тарихын жетік меңгергенін айтады. Себебі кішкентайынан кілең қазақ балаларымен ойнап, сол ортада өскен. Мектеп бітірген соң медициналық колледжді бітіріп, тіл үйренуге зейін қойған. Қазір  қазақ, өзбек, түрік, корей, тәжік және орыс тілдерінде еркін сөйлейді.

Шахбоз Сатыбалдиев, сарбаз:

- Мен әскери қызметтен соң оқуымды жалғастырып, юрист болып,  басқа тілдерді меңгергім келеді. Жәнеде дамытып, дипломатия жағынан басқа елдерге Қазақстанның құқықтарын және Қазақстанның дамуы үшін өз қызметтеріміді тигізуді қалаймын.

КТМ: Жауынгердің ерекше қабілеті мен жауапкершілігін әскери бөлімдегі қарулас достары да ерекше бағалайды. Себебі бұл бөлімнің сарбаздары туристер жүретін аумақта қоғамдық тәртіпті қамтамасыз етеді. Шахбоз  шетелдіктерге елдің заңы мен ережесін түсіндіріп жүретінін айтады.

Бейбарыс Бақытжанұлы, сарбаз:

- Түркістан туризм қаласы. Түрлі туристер келеді жан жақтан, әр елден. Бізден басқа адамдар, басқа ұлт өкілдері көмек сұрайды. Сол кезде біз енді 2-3 тіл білсек, бұл жан жақты 6-7 тіл біледі. Соның тіл білгендігі басқа адамдарға көмектесуімізге пайдасы тиеді.

Жас сарбаз әскер қатарында жүрсе де қабілетін одан әрі шыңдауға ден қойыпты. Қолы қалт еткенде әскери бөлімдегі кітапханаға бас сұғып, шет тілдеріндегі кітап оқып, тіл сындырады. Тіпті өзі сияқты сарбаздарға күнделікті қажетті сөздерді үйретеді. Ол үшін әскери бөлімде үйірме ашылған.

Спандияр Жолаев, №5574 әскери бөлімі командирінің орынбасары:

- Шахбоз деген сарбазымыз осы әскери өмірде бүгінгі таңда ағылшын тілімен, француз тілдерін оқуда. Әрі өзі ғана оқып қоймай, арамыздағы барлығымызға, осы әскери бөлімдегілерге үйретіп, кішігірім үйірме ашып, содан үйреніп жатырмыз.

Шахбоз кез келген тілді меңгеру арқылы сол халықтың мәдениеті мен тарихын, тұрмысы мен болмысын түсінуге болатынын айтады. Сондықтан ол алдағы уақытта тағы бірнеше тілді үйренуді жоспарлап отыр.

Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz