RU
Толық нұсқаға өту

Елшілік қызметкерлері Өзбекстандағы ҰОС ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады

08.05.2025, 08:45 684

Ташкент облысында тұратын соғыс ардагері Бексейіт Баймырзаев Жеңіс күні қарсаңында 101 жасқа толады, деп хабарлайды 24kz.

Ғасыр жасаған қария 1942 жылы Украина майданына аттанып, тек 1947 жылы елге оралады.

Ол Өзбекстанда қазақ мектептерінің ашылуына үлес қосып, мыңдаған шәкірт тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Ардагерді Қазақстанның Өзбекстандағы елшілік қызметкерлері құттықтап, сый-сыяпат жасады. 

Бексейіт Баймырзаев 18 жасында соғысқа аттанады. Екінші Украин майданына жіберіледі. 3 жылдан соң жеңісті Прага жерінде қарсы алады. Алайда оның соғыстағы жорығы мұнымен аяқталмайды. Жапон шайқасына да қатысады. Елге оралғаннан кейін педогогикалық институтқа түсіп, ұстаздық жолды таңдайды.

Қарлығаш Баймырзаева, ардагердің қызы:

- Өзбекстанда қазақ тілінің сақталуына көп үлесін қосқан. Осы жақта қазақ мектебін ашқан. Қазір шәкірттері Алматыда, Астанада, Мәскуде. Өте көп шәкірт дайындаған.

Ғасыр жасаған ардагер 4 перзенттен 11 немере, 8 шөбере көріп отыр. Ұрпақтарының дені Қазақстанда табысты еңбек етеді. Бір шөбересі Астанадағы  көп ғимараттың жобасын сызған білікті сәулетші екен. Қария Жеңіс мерекесімен құттықтап келген елшілік қызметкелеріне алғысын айтып, батасын берді.  

Бексейіт Баймырзаев, соғыс ардагері:

- Сіз-бізіміз ажырамасын. Қазақ болсын, өзбек болсын бір адамның баласындай ғұмыр кешейік. Еңбек етейік. Дендерің сау болсын, бала шаға аман болсын!

Қазір Өзбекстанда 50-ге жуық соғыс ардагері қалды. Олардың ең үлкенінің жасы 114-те. Мемлекет тарапынан 80 жылдыққа ардагерлерге 10 мың АҚШ доллары көлемінде сыяпат жасалды.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz