Абылай хан атындағы мектептің биылғы 19 түлегі жол құрылысы саласын таңдапты, деп хабарлайды 24kz.
Болашақта инженер, технолог, жобалаушы, сынақ зертханасының жұмысшысы болады. Оңтүстік өңірде жалпы қай салада маман тапшылығы бар десек.
Нұрсұлтан Мұхамеджан, тілші:
- Жұмысшы мамандықтарын насихаттаудың нәтижесінде түлектер жол саласында еңбек етуге дайын. Олар алдымен Ұлттық сапа орталығында өткен ашық есік күніне барып, зертханалық-диагностикалық жұмыспен танысты. Түлектер асфальт-бетон мен битумның құрамын талдау технологиясын көріп, жол құрылысына қажетті материалдарға қалай сараптама жасалатынын білді.
Нұрдәулет Иманбай, Сайрам аудандық №93 жалпы орта мектебінің 11-сынып оқушысы:
- Осы зертханаға жасалған экскурсиядан кейін қызығушылығым артып отыр. Инженердің қайсысына түсетінімді білмей жүргенмін. Енді өз мақсатым бар осыған түсемін деген. Осы мамандардың арқасында көп нәрсені біліп, түсемін деген ойым бар.
Биыл жол саласын таңдаңдаған талапкерлерге 700-ден астам мемлекеттік грант бөлінді. Жалпы студенттер инженер-жобалаушы, өндірістік-техникалық бөлімнің инженері, жол-құрылыс материалдарын сынау зертханасының лаборанты және техникалық бақылау маманы болып шығады. Елдегі еңбек нарығында жолшылар тапшы. Сондықтан білікті кадр даярлауға сегіз бірдей жоғары оқу орны жұмылдырылды.
Қайрат Шакиров, «Жол активтері Ұлттық сапа орталығы» облыстық филиалы директорының м.а.:
- Елімізде жыл сайын 10 мың шақырым жол салынып жатыр. Соның сапасын тексеретін кадр мәселесінің жетіспеушілігін жою мақсатында кәсіптік бағдар беру жұмыстарын қолға алып, жұмыстардың барлығын толық түсіндіріп, көрсетіп жатырмыз.
Шымкенттегі еңбек жәрмеңкесінде 1500 жұмыс орны ұсынылды
Ал Шымкенттегі өндірістік кәсіпорындарда тігіншілер мен электромонтерлер, операторлар, слесарь мен дәнекерлеушілер тапшы. Биыл еңбек жәрмеңкелерінде 1500-ден астам бос жұмыс орны ұсынылған.
Бекболат Әлиханов, қалалық еңбек мобильділігі орталығы директорының орынбасары:
- 100-ден астам жұмыс берушілер қатысады кемі дегенде. Үш рет өткізілген іс-шараның бәрі «Көрме» орталығында өтті. 150 мыңнан 250 мыңға дейін айлық көрсеткіштері көрсетіліп жатты. Жәрмеңкемізде 1500-ден астам жұмыс орнын ұсындық.
Алайда қаланың 10 мыңнан астам тұрғыны еңбек порталына жұмыссыз ретінде тіркелген. Сондықтан әлеуметтік салаға жауаптылар оларға кәсіптік бағдар беру мен баулу жұмыстарын қолға алды.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы
Тегтер #Түркістан облысы #мектеп түлектері #Жұмысшы мамандықтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz