RU
Толық нұсқаға өту

Әскерге қызығушылық мектептен басталады

08.05.2025, 14:12 415

Әскерге қызығушылық мектептен басталады. Жас өрендеріміздің бойына отансүйгіштік қасиеттерді сіңіруде оларды кешегі батыр бабаларымыздың ерлігін біліп өсуіне алғашқы әскери дайындық пәнінің ықпалы өте зор, деп хабарлайды 24kz.

Бүгінде бұл пән мектепте қалай оқытылуда?

Әскердің әліппесімен оқушылар мектептен бастап танысады. Оқу ордаларында алғашқы әскери дайындық сабағы жеке пән ретінде оқытылады. 10-11 сыныпқа аптасына 1 рет 45 минуттан бөлінген. Шәкірттер алдымен сарбаздық өмірдің қыр-сырын үйренеді. Саптық тәртіп, автоматтарды құрастыру және бөлшектеу, қараулы күштер қолданатын техникаларды біліп шығады.

Жақсыбай Есжанов, Ахмет Байтұрсынов атындағы №48 мектеп-лицейінің мұғалімі:

- Бізде сайыстар болып тұрады. Балалар мектеп арасында өздері жарыстар жүргізеді. Саптық жүріс, әскери тәртіп бәрін үйреніп, балалар әскерге дайын болады. Сол себепті патриоттық тәрбие жөнінен АӘД сабағының маңызы зор. Күнделікті біз әскерде болып жатқан ақпараттарды беріп отырамыз оқушыларға. Біздің қазір бір оқушымыз Алматыдағы құрлық әскери институтында оқып жатыр.

Мектеп түлектерінің арасында қарулы күштер қатарында қызмет етуді мақсат еткен жастардың саны артқан. Айбынды әскердің әлеуетін білген олар да сапта тұрып, сарбаз боп антқа адал еңбек етуді армандайды.

Мейіржан Асанов, Ахмет Байтұрсынов атындағы №48 мектеп-лицейінің оқушысы:

- Әскери адам болу менің бала күнгі арманым. Менің отбасымдағы көптеген адам әскери өмірге бейімделген. Сол себепті менде мүлдем басқа таңдау болмады. Және де мен қуаныштымын басқа таңдауым болмағанына. Себебі, отбасымның қауіпсіздігін қамтамасыз ету, елдің біртұтастығын сақтаумен үшін ең абыройлы істердің бірі.

«Жас ұрпаққа патриоттық тәрбие берудің маңызы жоғары», - дейді Саламат Оспанов. Қызылордалық ардагер ұстаз саналы ғұмырының 30 жылында алғашқы әскери дайындық пәнінен сабақ берген. Ауыл мектебінде жүріп жеткіншектерді үйретудің өзіндік әдісін қолданыпты. «Жаттап оқу, көңілге тоқудан гөрі практиканың қажеттілігі басым», - деп отыр.

Саламат Оспанов, ардагер ұстаз:

- Әр ер бала әскери өмірді үйрену керек. Өзінің міндеті армияға бару. Сондықтан заңды түрде ол оған қызығады. Ертең стройда жүру, автомат бұзуды білмей тұрса, «оны кім оқытқан», дейді ғой. Сондықтан қазіргі кезде де сол ары қарай жалғасып жатыр. Мен армияда жүргенде осындай мұғалім болсам деп армандадым, арманыма жеттім. Қазір ауылда бәрі сыйлайды оқушылар.

Әскер – өмір мектебі. Оны мектеп қабырғасынан біліп, меңгерудің маңызы жоғары. Патриоттық тәрбиеден бөлек, оқушылардың қызығушылығын ояту оқытудағы міндеттің бірі. Жоғары сыныптарға әскери бөлімде ашық есік күндері де жиі ұйымдастырылып тұрады.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz