RU
Толық нұсқаға өту

Алматы облысы мүгедектігі бар жандарға қаншалықты жайлы?

08.05.2025, 19:55 514

Алматы облысында соңғы 2 жылда 800-ге жуық ғимаратта мүгедектігі бар жандардың кедергісіз кіріп-шығуына қолайлы жағдай жасалды, деп хабарлайды 24KZ. Бұл жұмыстар ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың өмірін жақсартуға арналған Ұлттық жоспар аясында жүзеге асып жатыр.

Облыста мүгедектігі бар жандарға қолайлы жағдай жасау үшін қайта жөндеуді қажет ететін 1300-дей ғимарат бар. Былтыр өңірде аурухана, мектеп, балабақша, мәдениет ошақтары сияқты 300-ден астам әлеуметтік нысанда осы бағыттағы жұмыстар жүргізілді. Жыл басынан бері 36 ғимаратқа ерекше күтімді қажет ететін азаматтардың кедергіз кіріп-шығуына арналған құрылғылар орнатылды. Жыл аяқталғанша тағы 300 нысанда қолайлы жағдай жасалады.

Ержан Байқоныс, облыстық Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы басшысының орынбасары:

- Жалпы ғимараттар салынып басталған кезде осы мәселелердің бәрі жобалау-сметалық кезеңінде қарастырылу керек. Құрылыс біткеннен кейін де бізде аудандарда мониторинг топтары бар құрылған. Осы ғимараттардың сәйкестігін қадағалайтын топтар бар. Олар ғимараттар бейімделгеннен кейін барып, кем-кетіктері бойынша ескерту, ұсыныстарын береді.

Бұл бағыттағы жұмыстар «Кедергісіз келешек» жобасы бойынша да жүзеге асып жатыр. «AMANAT» партиясының мүшелері жыл басынан бері 24 рейд жүргізіп, 69 нысанды тексерді. Тексеру барысында 22 кемшілік анықталды. Ол бойынша тиісті құжаттар әзірленіп, жауапты мекемелердің басшыларына олқылықтың орнын толтыру керектігі ескертілді. «Кедергісіз келешек» жобасының бір ерекшелігі комиссия құрамына айрықша күтімді қажет ететін жандардың да кіргендігінде. Кедергілерді анықтауға олардың көп көмегі тиді.

Ләззат Салықова, облыс әкімінің мүгедектер мәселесі жөніндегі кеңесшісі:

- Облыс аумағындағы қандайда бір ғимаратқа мүгедектердің кедергісіз кіре алмайтынын көрсек, бірден «Е-өтініш» арқылы жауапты мекеме басшылығының атына өтінім жолдаймыз. Талаптың орындалуын әлеуметтік бағдарламалар басқармасындағылар қадағалайды. Қоғамда «пандус орнатылса болды, мүгедектерге барлық жағдай жасалған» деген қасаң пікір, теріс көзқарас қалыптасқан. Ал шын мәнінде сол пандустармен сау адамның өзі көтеріле алмайды. Құрылыс барысында соны мықтап ескеру керек.

Ерлан Жақыпов, «АMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалының атқарушы хатшысы:

- Бүгінгі таңда Алматы облысында 40 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі азаматтар бар. Олардың өмір жағдайын жақсарту бойынша «АMANAT» партиясының Алматы облыстық филиалының сайлауалды бағдарламасының Жол картасында білім саласындағы нысандарды бейімдеу көзделген болатын. Оның ішінде биылғы жылға 84 нысан жоспарланған. Бүгінгі күні облысымыздың 5 ауданы бойынша 40-қа жуық нысанды қайта бейімдеу аяқталып отыр. Алдағы уақытта осы жылдың соңына дейін бұл жұмыстар толық аяқталады деген жоспар бар.

«Кедергісіз орта құру жай ғана абаттандыру жұмыстарымен шектелмейді. Бұл еліміздегі әр азамат өзін еркін сезінетін қоғам қалыптастыруға қадам басу дегенді білдіреді. Сонда ғана ерекше күтімді қажет ететін жандар өз мүмкіндігін жан-жақты көрсете алады» – дейді мамандар.

Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz