Түркістан облысында Жеңістің 80 жылдығына орай «Құтты мекен – Көксарай» естелік саябағы ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Аумағы 20 сотық болатын демалыс орнында қылқан жапырақты ағаштар мен гүл көшеттері егілген. Сонымен қатар ескерткіш-мемориалды тақталарға әр жылдары Көксарай ауылынан шыққан, елге еңбегі сіңген азаматтардың өнегелі өмір жолы жазылған.
Жаңа саябақтың ашылуына Көксарай халқы түгел жиналды. Оны осы ауылдан шыққан кәсіпкер өз қаржысына салып берді. Мұндағы ескерткіштер мен мемориалдық тақталарға соғыс ардагерлері мен майданда шейіт болған боздақтардың, репрессия құрбандары мен Көксарай ауылынан шыққан белгілі азаматтардың аты-жөні жазылған.
Оралбай Өкшебаев, Көксарай ауылының тұрғыны:
- Соғысқа кетіп қайтпағандарымыз бар, келген азаматтарымыз бар. Репрессияға ұшырағандар бар. Тыл және еңбек ардагерлері бар. Мұғалім, ұстаздарымыз бар. Батыр аналарымыз бар. Әр салаға арнайы тақталар жасалды. 1377 адамның тізімі бар мұнда. Әр тақтаның қасына келіп, QR алсаңыздар, әр тақтаның мазмұнынан сіздерге ақпарат береді. Бұл келешек ұрпаққа мұра, заманауи саябақ салынды деп есептейміз.
«Ауылына қарап, азаматын таны» демекші, Көксарайдан шыққан атымтай жомарт азамат бірнеше жылдан бері туған ауылын дамытуға атсалысып келеді. Елдімекен ішіне мыңдаған түп көшет егіп, жасыл желекке айналдырған.
Қанат Нышанов, компания басшысы:
- Былтырғы жылы Толайғай деп спорт кешенін аштық, биылғы жылы, өздеріңіз куә болып отырсыздар, «Құтты мекен – Көксарай» атты естелік саябағын ашып отырмыз. Сонымен қатар ауылға келетін үлкен каналдарды жаңғыртып, қайтадан реканструкция жасаумен айналысамыз. Кішкентай ғана ауыл болғанымен үлкен-үлкен осындай шаруалар жасап тұрамыз.
Жаңа саябақ 12 тарихи мемориалдық ескерткіштен тұрады. Дәл ортасында тұрғыры биік «Тәуелсіздік монументі» орналасқан. Тұрғындар саябақты аралап, ата-бабаларының аты-жөні жазылған мемориалдық ескерткіш тақтайшаларға гүл шоқтарын қойды. Рухына тағзым етіп, бір минут үнсіздік жариялады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш
Тегтер #Түркістан облысы #Жеңіс күні #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz