Алматыдағы Орталық мемлекеттік музейде Жеңістің 80 жылдығына арналған көрме ашылды, деп хабарлайды 24KZ. Экспозиция музейдегі қор материалдарынан жасалған. Онда соғысқа қатысқан жауынгерлер туралы мәліметтер ғана емес, тыл жұмыскерлері де қамтылған.
Сонымен қатар соғыс жылдары оккупацияланған аймақтарды, Беларусь, Украина, Псков облысы, Ленинград облысын азат етуге белсенді қатысқан барлаушылар туралы мағлұматтар бар. Көрмедегі материалдар өте құнды. Мәселен, майдан даласында түсірілген фотоқұжаттардың түпнұсқалары, ардагерлер кейінірек музейге сыйлаған заттар, тылдағы еңбеккерлер қолданған ауылшаруашылық құралдары бар. Көпшілік назарына 8-ші атқыштар дивизиясының мергені Төлеуғали Әбдібековтің мылтығы да қойылды.
Гүлсара Жапақова, ҚР Орталық мемлекеттік музейінің аға ғылыми қызметкері:
- Бізде экспозицияда тұрған өте жақсы фотоальбом бар, ол жақында ғана музейімізге сыйға тартылды. Осы фотоальбомның арқасында «Даңқ» орденінің толық иегерлері 113 емес, 139 адам екені анықталды. Олардың 135-інің фотосуреттері мен шағын деректері табылды. Алайда, өкінішке қарай, 4 адамның фотосуретін табу мүмкін болмады.
Жұмағали Пәрімбекұлы, соғыс ардагерінің ұлы:
- Соғыс туралы әкем көп айтқысы келмейтін. Өйткен себебі сұрапыл соғысты есіне алғысы келмейтін. Бұл соғыс деген ол сендер кинодан көргендей емес, соғыс деген ол қан ғой дейтін. Біз өлгеніміз жоқ, өлгеннен басқасын бәрін көрдік деп айтатын. Ағаларыма айтып жатқан кезде мен төсектің астында тығылып жатып тыңдайтынмын.
Тегтер #Алматы #Орталық мемлекеттік музей #Жеңіс күні #көрме #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz