Екінші дүниежүзілік соғыста неміс басқыншыларының табаны қазақ жеріне тимесе де соғыс жалыны бірнеше қазақ ауылын шарпыды.
Батыс Қазақстан облысындағы Жәнібек, Сайқын, Шоңғай станцияары Сталинград майданының жақын тылы болғандықтан, 1942 жылы неміс ұшақтарының шабуылына ұшырады. Шойынжол бойындағы ауылдарға сол жылдың күзінде 538 бомба тасталған.
Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:
- Сталинград, қазіргі Волгоград қаласы осы жерден тіке есептегенде 185 шақырым қашықтықта орналасқан. Сол жылдары майдан шебінің алауы түнде қып-қызыл болып, Жәнібекке де көрінген екен. Біртіндеп соғыс өрті қазақ ауылдарын да шарпыды. Жәнібек, Сайқын, Шоңғай стансалары 1942 жылдың күзінде жау ұшақтарының толассыз шабуылына ұшырады. 538 бомба тасталыпты. Сол бомбылардың бірі әскери госпитальға түсіп, 93 сарбаз қаза табады. Олар қазір мына бауырластар зиратында.
1941 жылдың 26 қарашасындағы Сталиннің бұйрығымен Орал облысының Жәнібек, Орда, Казталов, Фурманов аудандары Сталинград әскери округінің құрамына енеді. Сол күннен бастап аталған ауданнан шақырылған жауынгерлер тікелей Сталинградқа жол тартады. Жәнібектен майданға 3 602 адам аттанса, соның 2341-і оралмаған. Яғни 66% қайтпай қалған.
Амангелді Уәлиев, Жәнібек аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Басқа облыс, аудандарда ол 30-40% аспайды. Әрбір шақырылған 3 адамның екеуі қайтыс болған. Мына соғысқа военкоматтан шақырып алып, күндіз 15 км жер Дубовка деген жерге жаяу барып, анда бір ай курстан өтеді. Содан соң Еділден өткізіп, Сталинград майданына салып отырған ғой. Біздің ауданнан шақырылған адамдардың 80-85 пайызы Сталинградта қаза болды.
Сталинград қорғанысына қажетті қару-жарақ пен азық-түлік, әскери құрамалар теміржол арқылы тасымалданғандықтан, жолдағы стансаларға жау ұшақтары ерекше шүйлігеді. Бір ғана Жәнібек ауылында 41 нысан мен 200-дей тұрғын үй қираған. 89 жастағы Самиға анамыз сол сұрапыл күндердің ортамызда жүрген санаулы куәгерлерінің бірі. Айтуынша, ата-анасы соғыс жылдары теміржолдан 8 шақырым қашықтықтағы Алғабас ұжымшарында тұрыпты.
Самиға Қайырова, тыл ардагері:
- Қайда соғыс техникасы, қайда солдаттар бар. Соны бомбылайды. Естіп жатамыз. Самолеттер ұшып жүреді. Ол күнде әлгі қақпан аулаймыз ғой. Қасымда бір татар қызы. Ол да бала, мен де бала, қорқуды білмеймін. Әлгі күректі алып, «атам, атам» деп жүгірем. Сонда қалпақ қызы айқайлайды. «Жат-жат, қазір бомба тастайды» деп.
Сұм соғыстың тақсіретін тартқан жанның тағы бірі Зейнеп Ғабиева. 1942 жылы стансаға тоқтап тұрған жолаушылар пойызына бомба түседі. Әлі есін де білмейтін 3 жасар қыз анасынан айрылады. Жал-құйрықсыз тұл жетімді Әбдірахман есімді Жәнібек ауылының тұрғыны бауырына басады. Ештеңеден кемдік көрсетпей, еркін өсіреді. Әжеміз әлі күнге өзінің шын ата-анасын да, ұлтын да білмейді.
Зейнеп Ғаниева, Жәнібек ауылының тұрғыны:
- Бір үлкен кісі айтады көрген, шешесінің үстінде отыр дейді. Шешесіне оқ тиген, қатып қалған ғой, өліп қалған ғой, мына қыз кішкентай дейді. Приёмная деп ешкім айтқан жоқ. Ол уақытта асырап алған мамамның інісі болды. Інісінің балалары болды. Бірге өстік, Бірде-біреуі жо-жоқ, айтқан жоқ асырады деп.
Соғыс жылдары Жәнібекте 3 әскери госпиталь, 2 аэродром орналасқан. 8-әуе армиясының зенит бөлімшесі шойынжол бойын ұшақтардан қорғаған.
Сол сұрапыл соғыстың қиындығын бастан кешкен Жәнібек жұртшылығы ауданға Қаһарман аудан статусы берілуін сұрайды.
Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов
Тегтер #9 мамыр #Жеңіс күні #Қазақстан #24KZ #ТаңдаулыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz