Кеңес Одағының батыры Сабыр Рахымовтың туғанына биыл 123 жыл. Осыған орай Шымкентте «Темір генерал» атанған батырдың атындағы әскери колледжде тәрбие сағаты өткізіліп, оның ерлігін дәріптейтін ашық сабақтар қолға алынды, деп хабарлайды 24kz.
Ал батырдың жерлестері мен туыстары генералдың жүріп өткен жолын жаңаша насихаттауды ұсынды.
Қазығұрт ауданы тұрғындарының Сабыр Рахымовқа деген құрметі ерекше. Көкібел ауылы – батырдың жерлестері мен жақын туыстарының мекені. Жылда Жеңіс күні қарсаңында спорттық жарыстар ұйымдастырылып, рухына құран бағышталады. Еркеғали Шерханов даңқты тұлғаны өскелең ұрпаққа жаңаша дәріптеу керек деп санайды.
Еркеғали Шерханов, С.Рахымовтың туысы:
- Атамыздың атын ұлықтауға соңғы жылдары өте көп көңіл бөлініп келе жатыр. Мейлінше танытуды осы заманға сай ақпарат көздерімен таратылса деп ойлаймын. Мысалға мультфильм түсіріп, сол арқылы Сабыр атамыздың бойындағы қасиеттердің бәрін көрсете алсақ. Мың бала көрсе, соның ішінде кем дегенде 4-5 балада сезім оянады.
Шымкенттегі әскери колледж 22 жыл бойы Сабыр Рахымовтың есімімен аталады. Білім ордасында батырдың өмірбаяны мен ұрыс даласындағы ерлігі кеңінен насихатталады.
Ерасыл Тағаев, С.Рахымов атындағы әскери колледждің ұланы:
- Бала кезден теледидардан әскери қызметшілерді көрген кезде үлкен мақтаныш сезімі ұялап, көз алдыма елестейтін. Олардың қандай әдемі әскери форманы киетіні, жүріс-тұрысы, жалпы мен үшін үлгілі адамдар болатын. Болашақта Сабыр Рахымов атамдай «Темір генерал» болу бірден-бір арманым.
Әскери колледжден жылына жүзден астам сержант дайындалады. Талапкерлер елдің әр түкіпірінен келеді. Былтыр қыркүйекте оқу ордасында күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Енді заманауи құрал-жабдықтармен қамтылып, тәрбиелік сыныптар ашылмақ.
Мақсат Ақшалов, С.Рахымов атындағы әскери колледжінің бастығы:
- Былтырдан бастап әскери колледж болғалы біз маман дайындаймыз. Бір ғана мамандық. Кіші командирлерді әскери салаға даярлау. Соның ішінде мотоатқыштар бөлімше коммандирлерін дайындау, танк экипажы коммандирлерін дайындау және радиациялық, химиялық қорғау бойынша мамандарды дайындау.
Алдағы уақытта Сабыр Рахымов атындағы музей қоры да толыға түседі. Туған жерінен құнды жәдігерлер жеткізіледі. Көкібел ауылына жас ұландардың экскурсиясы ұйымдастырылады.
Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Нұрмахан Бекмұратов, Самат Нағашбекұлы
Тегтер #Шымкент #Жеңістің 80 жылдығы #Сабыр Рахымов #ашық сабақтарPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz