Батыс Қазақстан облысынан қан майданға 76 мың азамат аттанса, соның 36 мыңына, туған жердің топырағы бұйырмады, деп хабарлайды 24kz.
Елге есен оралған майдангерлердің 9-ы Жеңістің 80 жылдығын қарсы алып отыр. Бүгін өңір басшысы ардагерлердің үйіне барып, мерекемен құттықтады. Жеңіс алаңына жиналған жұртшылық, мәңгілік алауға гүл қойып, соғыс құрбандарының рухына тағзым етті.
Вениамин Скаленко ғасыр жасаса да, жүрісі ширақ, жады мықты. Айтуынша, 17 жасында өз еркімен майданға сұранып, Польша, Бельгия, Австрия, Чехословакия елдерін азат етіпті. Тілегі – елдің тыныштығы мен тұрақтылығы.
Вениамин Скаленко, соғыс ардагері:
- Жастарға айтарым, тек ата-ананың емес, отанның лайықты перзенті болыңыздар! Ең бастысы, елдегі бейбітшілікті сақтаңыздар! Тыныштыққа жетер ештеңе жоқ. Соғыс ол қайғы-қасірет қана.
Өңір басшысы бүгін Халық қаһарманы Иван Гапичке де Президент құттықтауын табыс етті. Иван Степанұлы 1941 жылы армияға алынып, арнайы құрылым қатарында жау тылындағы әскери-диверсиялық операцияларға қатысқан. Мәскеуде өткен әйгілі Жеңіс шеруіне қатысқан.
Иван Гапич, халық қаһарманы:
- 80 жыл бұрын Кеңес армиясы фашизмді жеңіп, Еуропа елдерін құлдықтан құтқарды. Сондықтан да Жеңіс мейрамының орны ерекше. Бұл күнді мен асыға күтемін. Барлық батысқазақстандықтарға денсаулық, бақыт тілеймін.
Нариман Төреғалиев, БҚО әкімі:
- Аталарымыз бен әкелеріміз қан майданда ерлік көрсетіп, бейбіт өмірді бізге сыйлап кеткен. Солардың еңбегі арқасында қазіргі жастар, мынау Қазақстанның барлық халқы осындай бейбіт өмірді сүріп жатыр. Сол ардагер үлкен кісілердің арқасы. Әрине, соғыс жылдарында болған жағдай оңай болған жоқ. Бүгін міне, Мемлекет басшысы атынан ардагерлерімізге құттықтау хаты мен медальдарын тапсырдық.
Жеңіс күні Жайық жұртшылығы Жеңіс алаңындағы мәңгілік алауға гүл шоқтарын қойды. Отан үшін от кешіп, жанын пида қылғандардың рухына тағзым етті.
Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов
Тегтер #Батыс Қазақстан облысы #Жеңістің 80 жылдығы #ардагерлерPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz