RU
Толық нұсқаға өту

Ақтөбе облысының әкімі соғыстың соңғы ардагерін Жеңіс күнімен құттықтады

09.05.2025, 22:16 465

Ақтөбе облысының әкімі Асхат Шахаров соғыс ардагері Василий Грецкийді құттықтады, деп хабарлайды 24kz.

Ғасырдан аса ғұмыр кешіп келе жатқан ақсақал осы өңірден сұрапыл соғысқа аттанған майдангерлерден көзі тірі жалғыз ардагер. Жеңіс күні оның ауласында салтанатты шара ұйымдастырылды. Қарияны облыс және аудан әкімдіктерінің өкілдері, әскери комиссариат қызметкерлері, жастардың қоғамдық ұйым өкілдері мен қала тұрғындары құттықтауға жиналған.

Хромтау қаласында тұратын Василий Грецкий Беларусь жерінде дүниеге келген. Сталиндік қуғын-сүргін жылдары «кулак» деп әкесіне күйе жағып, отбасын Қазақстанға жер аударады. 1942 жылы қан майданға аттанған Василий Грецкий туған жері – Беларусьті басқыншылардан азат етіп, Еуропаны түгел адымдап өтіп, жеңіс күнін Берлиннің түбінде қарсы алды.

Василий Грецкий, Екінші дүниежүзілік соғыс ардагері:

- Жеңістің 80 жылдығымен құттықтаймын. Соғыс деген қасірет қайталанбасын. Бейбіт күнде, ашық аспан астында ғұмыр кешейік. Бүгінгі ұрпаққа бақыт пен береке-бірлік тілеймін.

Василий Грецкий «Қызыл Жұлдыз», ІІ дәрежелі «Отан соғысы» ордендерімен марапатталған. Елге оралған соң темір жол саласында қызмет етті. Өскелең ұрпақ алдындағы ерлігі мен ерен еңбегі үшін облыс басшысы алғыс білдіріп, кеудесіне мерейтойлық медаль тақты. Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын жеткізді.

Асхат Шахаров, Ақтөбе облысының әкімі:

- Жастарға осы патриоттық сезімді жеткізу, ояту, жалпы патриоттық тәрбие маңызы зор шаралар – Жеңістің 80 жылдығы және батыр апамыз Әлия Молдағұлованың 100 жылдығы осы шаралар бекітілген болатын. Осындай шараларды өткізу ол – тікелей біздің борышымыз. Себебі бейбітшілік, бейбіт өмір бізге қалай келгенін біз білеміз.

Мерекелік митингте сөз алған соғыс ардагері қаза тапқандарды бір минут үнсіздікпен еске алуды ұсынды. Тылда тер төккен замандастарын да Жеңіс күнімен құттықтап, олардың жеңіске қосқан үлесінің зор екенін атап өтті. Сұрапыл соғыстан кейін күйреген елді қайта қалпына келтіруге үлес қосқан Василий Грецкий жұбайымен бірге 3 бала, 6 немере, 10 шөбере тәрбиелеп өсірген.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айбек Даутов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz