Жеңістің 80 жылдығы аясында Алматы облысында айрықша тағылымды шара өтті, деп хабарлайды 24kz.
Қонаев қаласындағы Даңқ аллеясында ұйымдастырылған салтанатты жиында бес соғыс ардагеріне жаңа пәтер кілттері табыс етілді. Игі бастама ардагерлердің ел алдындағы ерен еңбегі мен жанқиярлық ерлігін дәріптеу, кейінгі ұрпаққа үлгі ету мақсатында қолға алынды. Салтанатты рәсім барысында Даңқ аллеясында орналасқан майдангерлерге арналған ескерткішке гүл қойылып, боздақтардың рухына тағзым жасалды.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Жеңістің 80 жылдығына арналған мерекелік іс-шара бір минуттық үнсіздік жариялаудан басталды. Бұл – бүгінгідей бейбіт күннің бағасын білетін елдің тағзымы. Салтанатты жиынға зұлмат соғыс жылдарында етігімен қан кешіп, ел қорғаған ерлер де қатысты. Солардың бірі – Солтанбай Жарықбасов.
Солтанбай Жарықбасов, соғыс ардагері:
- Бұл соғыста 30 млн халық кетті. Ал енді 80 жыл соғыс болмай, тыныштықтың арқасында осындай жағдайда болғанымызға мен өте қуаныштымын! Жастар, әрқашан өз міндеттеріңді орындаңдар!
Өңір басшысы Марат Сұлтанғазиев ардагерлерге Мемлекет басшысының құттықтауын оқып берді. Алматы облысындағы бес ардагерге 5 миллион теңгеден сыйақы тағайындалып, жергілікті кәсіпкерлердің қолдауымен пәтер кілттері табыс етілді.
Марат Сұлтанғазиев, Алматы облысының әкімі:
- Осы кісілердің өмірі біз үшін үлкен үлгі ғой. Спонсорлар арқылы әрқайсысына осы Қонаев қаласында бір-бір пәтерден бердік. Барлықтарыңызды осындай үлкен жеңіс күнімен құттықтаймыз! Келешекте тек бейбіт өмір болсын!
Даңқ аллеясынан басталған іс-шара Қонаев қаласының орталық алаңында ұйымдастырылған мерекелік концертке ұласты. Жиналған жұрт майдан жылдарынан сыр шертетін әндерді тыңдап, жауынгерлердің рухына арналған әсерлі қойылымдарға куә болды. Ал Райымбек ауданында майдангерлерге арналған жаңа ескерткіш бой көтеріп, салтанатты жағдайда ашылды.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов
Тегтер #Алматы облысы #Жеңістің 80 жылдығы #соғыс ардагерлеріPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz