RU
Толық нұсқаға өту

70 жастағы бағбан жерасты жылыжайында лимон мен раушан гүлін өсіреді

10.05.2025, 09:20 348

Шығыс Қазақстан облысында тұратын 70 жастағы зейнеткер жерасты жылыжайларын дамытуды ұсынады, деп хабарлайды 24KZ. Оның айтуынша, бұл әдіс қысы қатты, климаты күрделі өңірлер үшін таптырмас шешім болмақ. Ол өзінің көпжылдық тәжірибесін үйреуге дайын екенін жеткізді. Өзі жер астында орналасқан жылыжайда өңін бермейтін раушан гүлдерін, атақты Киев лимоны мен сирек кездесетін Шыңғысхан ағашын өсіріп отыр.

Бұл жерді тек жылыжай деп атауға келмес. Қарапайым қазтамақ гүлінен бастап экзотикалық ағаштың түр-түрі кездесетін нағыз саялы бақ. Мұнда салмағы 1,5 келіге дейін жететін Киев лимоны мен банан да жайқалып тұр. Қысы-жазы реңін бермейтін раушан гүлдері тіпті ерекше. Бұл жерасты кешені – зейнеткер Людмила Землянаяның отбасымен ойластырған ерекше жобасы. 17 жыл бойы өмірлік серігімен бірге осы бақты күтіп-баптап келген Людмила ері өмірден өткелі бұл шаруаны өз қолына алды.

Людмила Земляная, жерасты жылыжайының жетекшісі:

- Мәселе кететін шығында немесе істейтін шаруада емес.Осындағы бүкіл өсімдік маған күш қуат береді, ал мен оларды күтіп өсіремін. Мінеки, өзара сабақтастық, байланыс деген осы болуы керек. Бұлар менің балам сияқты.Үш уақыт суарамын, түбін қопсытымын, қажет болса емдеймін.

Мұндағы флорист те, агроном да, дизайнер де – зейнеткердің өзі. Экскурсияға келгендерге әр гүлді таныстырып, тарихын да айтып береді. Балаларға сыйлық беруді де ұмытпайды.

2 метр тереңдіктегі алқап қыста жылы, жазда салқын. «»Температураны жердің өзі реттейді», – дейді маман. Сондықтан осындай жылыжай құрылымын ел бойынша дамытуға кеңес беді.

Людмила Земляная, жерасты жылыжайының жетекшісі:

- Еліміздің, басқа өңірлерінде де осындай жылыжайды көптеп салса деп армандаймын. Өйткені мұнда банан да, мандарин де, қарапайым қияр мен қызанақ та өсіруге болады. Қыр-сырын білгіміз келеді деген адамға үйретуге дайынмын.

Муррая – осы жылыжайдағы ең танымал өсімдік. Негізінен Жапонияда өсетін бұл ағашты Шыңғысхан ағашы деп те атайды екен. Әйгілі қолбасшы жаугерлік заманында жорыққа шығар алдында өз жауынгерлеріне күш-жігерін арттыру үшін осы ағаштың жемісін берген деген аңыз бар. Өйткені ол адам ағзасына   ерекше қуат беріп, суық тиюден қорғап, дем беретін қасиетке ие.

Қазір бағбан туристер легін қабылдауға дайындалып жатыр. Өйткені жазда келішулер қатары тіпті артады. Жыл басынан бері жерасты жылыжайын 500-ге жуық адам тамашалаған.

Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz