Жетісу облысының Кербұлақ ауданында тұратын математика пәнінің мұғалімі Байғали Оңалбаев ұстаздығымен ғана емес, өнерімен де елге танылды. Вокалды инструменталды ансамбль құрамында өнер көрсететін оны шәкірттері телефонға түсіріп, әлеуметтік желіге жүктеген. Бейнежазба тез тарап, көпшіліктің ыстық ықыласына бөленді. Математика мен музыканы ұштастырған ұстаз жайлы тілшіміз Шыңғыс Қалиден тарқатады.
Байғали Оңалбаев «Жетісу гүлдері» деп аталатын вокалды инструменталды ансамбльде өнер көрсетеді. Шығармашылық топты 1975 жылы оның әкесі Сейітқали Оңалбаев құрған екен. Жарты ғасырлық тарихы бар ұжым кезінде тарап кеткенімен кейінгі кездері қайта құрылып, әртүрлі мәдени шараларға қатысып жүр.
Ғалия Ақбасова, Кербұлақ ауданының Құрметті азаматы:
- Шұбар ауылдық округінде мәдениет үйі ашылды. Шанханайда, Қоянкөз ауылында. Міне, осы ауылдық округтерге бізді сұрағаны бойынша өз өнерімізді көрсетіп қайттық. Сол 50 жыл бұрынғы орындаған әндерімізді қайта жаңғыртып, орындап келе жатырмыз.
Байғали Оңалбаевтың негізгі мамандығы – мұғалім. Ол Сарыөзектегі Дінмұхамет Қонаев атындағы білім ордасында математика пәнінен сабақ береді. 40 жылдық тәжірбиесі бар ұстаз оқушыларға күрделі есепті жылдам шығару әдісін үйретеді.
Байғали Оңалбаев, Д. Қонаев атындағы орта мектеп мұғалімі:
- Балаларға оқуға түсетін студенттерге де өзімнің методикамды, есептің оңай шығару жолдарын үйретіп келе жатырмын. Менің ойлап тапқан методикам – барлық тапсырманы қысқа жолмен шығару, логикалық тәсілмен шығару. Математика балалардың логикалық қабілетін дамытады.
Айзере Мүсілім, Д. Қонаев атындағы орта мектеп оқушысы:
- Байғали ағай бізге есептерді өмірмен байланыстырып айтады. Сондықтан бұл есептер бізге өте қызықты болады. Яғни Байғали ағай бізге бесінші сыныптан бері сабақ беріп келеді. Сабақтары өте қызықты болады. Сондықтан біз математик пәнін өте жақсы көреміз.
Байғали ағаға музыкалық қабілет әкесінен дарыған екен. Сейітқали ақсақал көзі тірісінде тұтас аймаққа танымал композитор болған.
Адас Оңалбаева, Кербұлақ ауданының тұрғыны:
- Әбікен Сарыбаев болды, Шәмші Қалдаяқов болды. Қасында Балта деген корреспондент болды. Нұрғали Нүсіпжанов та болды. Мәдениет Исекеев деген әнші бар еді ғой, сол кісі болды. Ауылға келсе, келген адамды алып келеді. Соларды күтіп жібереміз. Үлкен үй болдық.
Байғали Сейітқалиұлы биылғы оқу жылы аяқталғанда зейнетке шығады. Ұлағатты ұстаз енді ауыл шаруашылығымен айналысып биогумус дайындау ісіне ден қоймақ. Жары Күләй апаймен бірге немерелерінің тәтті қылығын қызықтап, бейнетінің зейнетін көрсем деп ниеттеніп отыр.
Авторлары: Шыңғыс Қалиден, Қуаныш Түргенбаев
Тегтер #Жетісу облысы #ұстаз #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz