Атырау облысында ауыл мәдениетін дамыту бағытында жүйелі жұмыстар жалғасып жатыр, деп хабарлайды 24KZ. Жыл соңына дейін Атырау қаласына қарасты Алмалы, Дамбы, Атырау және Тасқала ауылдарында 200-300 орындық төрт мәдениет үйі пайдалануға беріледі. Қазіргі таңда облыс көлемінде Қызылқоға ауданының төрт ауылында мәдениет үйлерінің құрылысы қарқын алған. Ал 2026 жылы Махамбет ауданында тағы алты мәдениет үйінің іргетасы қаланбақ.
Алмалы ауылынан бой көтеріп келе жатқан мәлдениет үйінің құрылысы 80%-і бітіп тұр. Төбесі жабылып, газ құбыры мен электр желісі, басқа да инженерлік коммуникациялары тартылып тұр. Қазір құрылысшылар әрлеу жұмыстарына кіріскен. Екі қабатты 200 орындық мәдениет ошағында ауыл тұрғындары үшін барлық жағдай қарастырылыпты.
Серік Асанов, құрылыс учаскесінің басшысы:
- Кітапханасы бар, кітап оқитын залы бар, үлкен көрермендер залы бар – 200 орындық. 2-ші қабатта би залы бар. Сыртқы жобасында жазғы сахнасы қарастырылған. Сонымен қатар электр жүйесіне біз қосымша электр генераторын қостық, осы тамыз айында тапсыруға жұмыстанып жатырмыз.
Алмалы ауылдық округіне қарасты 2 ауылда 6 мыңнан астам адам тұрады. Олардың әлеуметтік мәселелері кезең-кезеңімен шешіліп келеді. 2020 жылдан бері округ бойынша 19 шақырым жол салынып, 65 шақырым су құбыры жаңартылған еді. Ендігі кезек мәдени нысанға жетіпті. Қазіргі ауыл клубы 1967 жылы салынған екен. «Сондықтан алмалылықтар жаңа құрылыстың аяқталуын асыға күтіп жүр», – дейді ауыл әкімі
Гүлшат Төлегенқызы, Алмалы ауылдық округінің әкімі:
- Егер де мәдениет іске қосылса, бірнеше кружоктар ашылғалы тұр. Балалар қазір қалаға барып жүр. Сондай-ақ мектеп керек бізге себебі ауылымыз үлкейіп келе жатыр. 1100-ге дейін жер кезегінде тұрған азматтар бар. Ертең жер берілсе, тұрғындар көбейеді. Сондықтан мектеп керек.
Атырау облысында әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған бірқатар ірі жобалар жүзеге асырылып жатыр. Соның бірі – болашақ мектеп ғимаратына жер телімінің бөлінуі. Келер жылы Алмалы және Береке ауылдарында дене шынықтыру және спорт кешендерінің құрылысы басталмақ. Сонымен қатар 2025 жылдың соңына дейін Атырау қаласына жақын орналасқан төрт ауылда жаңа мәдениет үйлері пайдалануға берілуі тиіс. Осы ретте Қызылқоға мен Махамбет аудандарында 10 мәдени нысанның құрылысы басталғанын да атап өткен жөн.
Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин
Тегтер #Атырау #мәдениет үйі #Қазақстан жаңалықтары #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz