RU
Толық нұсқаға өту

Елімізде Аналар күні тойланып жатыр

11.05.2025, 15:13 794

Кербез Омарғазина – отставкадағы майор. Ол ғұмырының 22 жылын әскери-оркестр қызметіне арнады.

Қос ұлының балалық шағы анасының жұмысында өтті деуге болады. Бұл оларды музыкаға ынтық етті. Қазір үлкен ұлы – пианист, кішісі – скрипка шебері.

Кербез Омарғазина, Астана тұрғыны:

- Мен оларға үлгі болдым. Айтқанымды орындаймын. Тәртіп бар жерде нәтиже бар. Ұлдарымның мінезі әртүрлі. Кішкентайым салмақтылау, үлкенім көңілді, ортаға тез сіңеді. Мен негізі үлкенімді көбірек тәрбиеледім. Екіншім соның бәрін көріп, өсті. Қазір екеуі де халықтың баласына айналды. Мен сол үшін мақтанамын.

Отбасылық мұрағаттағы бұл кадрда Нұрсұлтанның музыка әлеміне жасаған алғашқы қадамы бейнеленген. Міне, араға 10 жыл салып, ол 19 жасында «Астана Опера» театрында жеке концертін берді. 

Нұрсұлтан Омарғазин, пианист:

- Бала қаншалықты дарынды болса да, ата-анасының қолдауынсыз, мейірімінсіз алысқа бармайды деп ойлаймын. Менің анамның да маған бергені көп. Кішкентайымнан жанымнан табылды. Ол біздің әлемдік сахнаны бағындыратынымызға үнемі сенетін. Біздің қанат қағуымызға себеп болған жан анам. 

Бұл үйден скрипка үні де үзілмеген. Кербездің кіші ұлы Сағадат қазір Алматыда оқып жатыр. 14 жастағы бозбала еліміздегі дарынды скрипкашыларының көшін бастап тұр. Әлемге әйгілі байқаулардың жеңімпазы. Сағадат та ағасы сияқты Ресей, Қырғызстан, Түркия, тіпті Австрия сахналарында өнер көрсетті.

Сағадат Омарғазин, А.Жұбанов атындағы мамандандырылған республикалық мектебінің оқушысы:

- Менің өмірімдегі ең жақын адамым – анам. Ол мені дес бермеуге үйретті. Анамның қолдауы зор. Ол маған үнемі Қазақстанды әлемге таныт деп айтады.

Елена Шаповалова, педагог:

- Сағадат өте тәрбиелі бала. Ол бірінші сыныптан бастап түрлі жанр, стильдегі шығармаларды үйренуге талпынды. Сағадат қатысып, бақ сынамаған байқау жоқ шығар. Әрқашан да өзін жоғары деңгейде көрсете біледі. Біз шәкіртіміздің анасымен тығыз байланыстамыз. Ол баласының жетістігін үнемі бақылап, қадағалап отырады. Бұл баланың сеніміне сенім қосады деп ойлаймын.

Кербездің тиянақты жан. Балаларынан нені талап етсе, өзі де сондай болуға тырысады. Оның бала тәрбиесіндегі құпиясы осы.

Кербез Омарғазина, Астана тұрғыны:

- Біз балаға үлгі болуымыз керек. «Баланы тәрбиелеме, өзіңді тәрбиеле», дейді. Сонда ғана бәрі әділ болады. Бұл қасиетті мен әскерде жүріп үйрендім. 

Бүгінгі аналар күнінде Кербездің көңілі шат. Қос ұлықос қанаты жанында емес. Бірі оқуда, енді бірі кезекті байқауға кетті. Соған қарамастан аналарына ақ тілегін жаудыруды ұмытпады.

Авторлары: Мерей Мұратханқызы, Сания Кобжосарова, Нұрғали Мамырбаев

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz