RU
Толық нұсқаға өту

Ақбөкендер қаптап, шаруалар шығынға батты

11.05.2025, 15:37 425

Жуырда өткен Ұлттық құрылтайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев киік популяциясының шектен тыс артып, ауыл шаруашылығына зор зиян тигізіп отырғанын мәлімдеді.

Президент Үкіметке бұл мәселені терең зерделеп, салмақты шешім қабылдауды тапсырды. Әсіресе, Батыс Қазақстан облысындағы шаруалар киіктің кесірінен қиын жағдайға тап болды. Жер қайысқан ақбөкендер мал жайылымын таптап, шабындықтарды қуратып, табиғи тепе-теңдікті бұзуда. Киіктің жаппай көбеюі нәтижесінде даланың құнарлы топырағы эрозияға ұшырап жатыр.

Ерденбек Жылқайдарұлы, тілші:

- Елімізде киіктердің 3 популяциясы болса, ішіндегі ең саны басымы – Орал популяциясы. Ресми органдардың өзі бөкен басы өңірде 4 миллионға барып қалғанын айтады. Бірақ бұл дерекке күмәнданатындар көп. Өйткені әдетте сәуірде санақ өткенде киіктің елеулі бөлігі іргелес Ресей мен көрші Атырау облысында құм қойнауында жүргендіктен есепке алынбайды. «Егер жабайы жануардың санын жедел реттемесе, малынан айрылған халық қалаға көшіп, шекара бойы жалаңаш қалуы мүмкін», - дейді елдің естілері.

Ескендір Елемесов, Жәнібек аудандық қоғамдық кеңес төрағасы:

- Халық көшіп кетіп жатыр. Жағдайлары жоқ, мал асырауға мүмкіншіліктері жоқ. Кей шаруашылықтар кредит алып, оны төлей алмай жатыр. Сонда болашақта мал шаруашылығын ұстау қалай болады? Қанша әлеуметтік сала бойынша газ, су, жол тартып жатыр. Оның бәрі болашақта кімге керек болады, бәрі көшіп кететін болса?!

Егер саны тежеусіз өсе берсе, киіктің өзі түрлі індеттен қырылу ықтималдығы жоғары. Сол кезде эпизоотиялық ахуал асқынып, елдің денсаулығына да қауіп төнбек. Қазірдің өзінде бөкендер далада мыңдап жайрап жатыр. Айналшық ауруына шалдыққандары да, кенеге таланғандары да аз емес. Төрт түлікте де түрлі ауру көбейген.

Таңат Сариев, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Мына киіктердің өлекселері қазір деген жер-жерде жиналмай басымен, мүйізімен жатыр. Оларды жинап, жақындауға қорқамыз. Шөп шапқанда шөппен бірге сүйектері араласып, неше түрлі ауру қозып құрттап жатқандары бар. Биыл бізден қойлар көп ауырды. Көп қозы өлді. Көп шығын болды. Білмейді ешкім. Бастары ісініп, үстері бөртіп өледі де қалады. Оны зерттеп жатқан ешкім жоқ.

Құбайдолла Мекетаев, Жақсыбай ауылының тұрғыны:

- Жылқы өліп жатыр қазір. Жылқы итше отырады да, шойырылады да, үш күн жатады да, үш күннен кейін өледі. Жылқы тек менің өзімнен 7-8 бас аналық жылқы кетті биелер. Қанын апарып зертханаға апарып та, Оралға тапсырттық, таба алмайды. Ол жалғыз қазір емес, бірталайдан осылай болып келе жатыр. Киік осы араға қыстап қалған жылы тап осындай дүние болады. Киік қыстамаса, ондай ауру болмайды.

Биылдан бастап қожалықтарға жерін қоршауға кеткен шығынның жартысына өтемақы берілмек. «Алайда бұдан проблема шешілмейді», - дейді жәнібектік шаруа Шамиль Салахов. Мал азығын дайындай алмағандықтан, ол соңғы үш жылда мал басын 3 есе азайтып, 1700-ден 500 басқа түсіріпті.

Шамиль Салахов, шаруа қожалығының жетекшісі:

- Мен биыл 5 мың гектар жайылымды қоршасам ба деймін. Қажетті тұрбаларды, сым торларды әзірлеп қойдым. Жақсы менің жағдайым бар, бірақ 5-10 баспен күн қөріп отырған жерлестерім қалай қоршайды ауылдың ортақ жерін. Мал ұстай алмағасын 4-5 жылдан кейін олар да көшіп кетеді. Сонда кім қалады ауылда? Соңғы екі жылда шөп жоқ. Былтыр Орал жақтан қамыс тасыдым, биыл ол да жоқ.

Бүгінде қалыптасқан жағдайға байланысты 7 ауданда арнайы штаб құрылған. Өңір басшылығы киікті азайту үшін ірі ет комбинаттары керек дейді. Алайда бөкен басын реттеуге қатысты әлі нақты шешім шықпағандықтан, инвесторлар қаржы құюға асықпай отырған көрінеді.

Қалияр Айтмұхамбетов, БҚО әкімінің орынбасары:

- Бәрі айтуы орынды деп санаймын. Реттеу керек, реттемесек, одан да көп киікті жоғалтып алуымыз мүмкін. Әр ауданда киікті соятын мал сою пункттері болуы керек. Біз өткен қателіктерді жібермеу мақсатында дайындық жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Ет комбинаттары болу керек. Қажетті мөлшерде реттеу керек. Үлкен жоспарлар қойып, оны орындауға асығып, ол да болмайды.

Өткен құрылтайда Мемлекет Басшысы киікке қатысты мәселені мұқият зерделеп, байыпты шешім қабылдауды тапсырды. Жайық жұртшылығы Президент тапсырмасы проблеманың оң шешілуіне әсер етеріне сенімді.

Авторлары: Е.Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов

 

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz