Көне арбаның дөңгелектері, аспа шамдар, қоңырау, қол диірмен және иінағаш. Есіктен кіргеннен көзге оттай басылатын бұл заттарды Павлодар қаласының тұрғыны Александр Монастырскийдің ауласынан көруге болады. Коллекционердің 30 жыл бойы жинаған көне заттары тарихи-өлкетану музейіндегі жәдігерлерден кем түспейді.
Павлодар тұрғыны түрлі тарихи кезеңдерге сәйкес келетін бірегей заттардың топтамасын жинақтаған. Көне жәдігерлердің арасында кітаптар, ойыншықтар, ыдыс-аяқ және алғашқы тұрмыстық техникалар бар. Ол ескі радиоқабылдағыштар, алғашқы теледидарлар, тоңызытқыштар және басқа заттар. Бір сөзбен айтсақ, кезінде екінің бірі қол жеткізе алмаған құнды дүниелер сақталған.
Аулаға кіре берісте үлкен арба тұр. Өткен ғасырдың орта тұсында Баянауыл ауданынан жеткізілген көлік қазір жәдігерге айналған. Александр оны қалпына келтіріп, есігінің алдына жайғастырыпты. Коллекционердің айтуынша, көне заттарға қызығушылық 30 жыл бұрын дөңгелектен басталыпты.
Александр Монастырский, қала тұрғыны:
- Байқасаңыз, менің ауламды айнала дөңгелектер ілінген. Олардың шығу тарихы отызыншы жылдардан басталады. Одан кейін 1904 жылы жасалған соқаны таптым.
Салмағы 125 келі болатын шойыннан құйылған құмыра кезінде қаланың көрікті жерлерінде тұрған екен. Ал иінағаштың зауытта жасалғанын айтады. Қол диірмен, саба, жез самауырлар, алғашқы тігін машиналары, қабырға сағаттары мен радиоқабылдағыш және ескі теледидарлар үй ішіндегі музей қорында сақталған.
Александр Монастырский, қала тұрғыны:
- Мен көп дүниелерді гараж, жертөле сияқты ылғалы көп жерден табамын. Олардың көбі көгеріп, тот басып кетеді. Қайтадан қалпына келтіруге тырысамын.
Бұл жай ғана ескі заттардың жиынтығы емес. Әр жәдігерде өткен дәуірдің атмосферасы, рухы мен естеліктерін еске салатын жылылық жатыр. Коллекционер болашақта кең ауқымды көрме ұйымдастырып, жиған-терген дүниелерін көпшілік назарына ұсынбақ.
Авторлары: Қарлығаш Қасиетова, Дәулет Қошқарбаев, Марат Игіліков
Тегтер #Павлодар #коллекционер #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz