Қазақстанда теріні шетелге экспорттауға салынатын кедендік баж салығы алынып тасталды, деп хабарлайды 24kz.
Тиісті жаңашылдық мал шаруашылығымен айналысатын ауыл тұрғындарына үлкен серпін беріп отыр. Енді тері шетелге кедергісіз өткізіліп, кәдеге жаратылады. Абай облысындағы шаруалар бұл жаңалықты қалай қабылдап жатыр?
Рүстем Қайратұлы, тілші:
- Ақсуат ауданы Көкжыра ауылының тұрғыны Нұрлан Марқабаевтың қожалығында 20 мың қой, 700 бас жылқы және 500 сиыр бар. Еңбектің көзін таба білген азамат жыл сайын 7 мың бас қой сояды. Алайда, мал терісі қоқысқа кетіп жатыр. «Кедендік баж салығының алынып тасталуы теріні кәдеге жаратып, қосымша табыс табуға жол ашады», - дейді шаруа.
Нұрлан Марқабаев, шаруа қожалығының иесі:
- Бізге жүн-тері өтсе, ол экономикалық көмек қой бізге. 1 кг жүн өтсе де, бір тері өтсе де. 2 мың теңге болсын, 500 теңге болсын. Қазір біз бір қойдың өзін 400-500 теңге төлеп қырықтырамыз. Жоқ дегенде осы ауылдан, округтен 10 мың бас шығады. Енді ойлаңыз, он мың тері деген есептеңіз, халыққа қанша пайда әкеледі.
Бүгінде Абай облысында 6 мыңнан астам шаруа қожалығы жұмыс істеп тұр. Онда 839 мыңға жуық ірі қара және 1 миллионнан астам ұсақ мал бар. Жыл басынан бері 40 мыңға жуық мал сойылған.
Қуаныш Дулат, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының мал шаруашылығын субсидиялауды дамыту бөлімінің басшысы:
- Қазір өңірде 3 тері қабылдау пункті мен 2 жүн қабылдайтын алаң жұмыс істейді. 2026 жылға дейін олардың санын 8-ге дейін көбейту жоспарланып отыр. Енді теріні шетелге кедергісіз экспорттауға мүмкіндік бар.
Енді тері пайдасыз қалдық емес, табыс көзіне айналмақ. Облыстық басқарма мамандарының мәліметінше, Семейдегі Шақаман ауылының маңынан салынып жатқан ет комбинаты келесі жылы қолданысқа беріледі. Кәсіпорын жылына 80 мың ірі қара және 120 мың ұсақ мал терісін қабылдайды деп жоспарланған.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Медет Өмірханов
Тегтер #тері экспорты #мал шаруашылығы #ауыл тұрғындарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz