RU
Толық нұсқаға өту

Шекара маңындағы ауылдарда халық саны кеміп барады

13.05.2025, 07:40 412

Елде сәби көбейгенімен, шалғай ауылдарда бала саны азайды, деп хабарлайды 24KZ. Кейінгі үш жылда Батыс Қазақстан облысында 12 білім ордасы жабылды. Биыл тағы 1 мектеп жұмысын тоқтатып, 6 орта мектептің негізгіге, 6 негізгі мектептің бастауышқа айналу қаупі бар.

Бұл жағдай шекара маңындағы елді мекендерге қиын. Өйткені мектептер жабылса, халық жаппай көшуі ықтимал. Мәселен, Жәнібек ауданы Талов ауылындағы 650 оқушыға арналған мектепте қазір небәрі 57 бала білім алып жүр.

Ғабит Сарыбаев атындағы орта мектепте 11-сынып екеу. Бірі орысша, бірі қазақ тілді. Екеуінде де екі оқушыдан қалған. «Мектептегі ең тыныш класс біздер, өйткені шулайтын ешкім жоқ», – деп әзілдейді 11 «а» сыныбының шәкірттері Жанель мен Ұлжан.

Ұлжан Айталиева, 11-сынып оқушысы:

- Екеуміз көп үндемейміз, тек сабақ оқи береміз. Дене сабағында екі оқушы болған соң қызықсыз болады. Жаңа жылда қатысқанда да тек екеуіміз. Бір жағынан артықшылығы сол, билейтін де, қатысатын да екеуіміз болғасын қиындау.

Талов ауылында 1981 жылы 3 қабатты мектеп салынғанда 650 оқушы оқыпты. 90 жылдардың ортасынан бастап бала саны біртіндеп кеми бастаған. Осыдан 5 жыл бұрын 180 шәкірт болса, қазір 57 бала қалыпты. Алдағы жаңа оқу жылында одан да азаяды. Өйткені биыл бірінші сыныпқа баратын балдырған жоқ. Ал норматив бойынша орта мектепте 81 баладан кем болмауы тиіс.

Қымбат Жолдыбаева, кәсіподақ ұйымының төрайымы:

- Енді 4-5 жыл турасында осы мектепті қалайда ұстап қалуға байланысты хат жазып, жан-жақтан дабыл қақтық. Осының нәтижесінде заңға сәйкес келмесе де, 11 жылдық мектеп болып келе жатырмыз. Халықтың біздің ауылдан көшуіне байланысты басты себебі – жол қатынасы. Екінші – осы 4-5 жыл турасында басты көкейтесті мәселе болған ақбөкендер.

Талов ауылы аудан орталығы Жәнібектен 130 шақырым қашықтықта орналасқан. Соның 40 шақырымына бұрын асфальт төселсе, биыл ауылдан бастап 36 шақырымға жол салынып жатыр.

Асқар Сәрсенғалиев, Талов ауылдық округінің әкімі:

- 2-3 мыңға жуықтаған халық болған. Күні бүгін 680 адамды құрап отыр. Бұл дегенің 177 аула. Халықтың көшуі жұмыссыздық та бар. Екінші үлкен мәселесі киік мәселесі болып отыр. Талов ауылы бойынша 33 шаруа қожалығы бар ата кәсіп мал шаруашылығымен айналысатын. Осы барша қожалықтарға мал азығын дайындау үлкен қиындықтар тудырып отыр. 2024 жылы 14 отбасы көшіп кетіп отыр. 2 отбасы көшіп келіп отыр. Биыл да осы мәселе өзекті болып отыр. Көшем деген 5-6 отбасы осы жылға бар.

Жадыра Бекжанова, БҚО Білім беру басқармасының бөлім басшысы:

- Сарыбаев мектебі шекара маңында орналасқан. Бұл жерде оқушылардың саны нормативке сәйкестендіру жұмысы жүргізіледі. Егер тиісті 81 оқушыға жетпесе, негізгі білім беру ұйымына айналдыру жұмыстарын жүргіземіз. 13 мектеп нормативке сәйкес келмей тұр.

Ауыл әкімі халық санын көбейту үшін ауылдан шекара заставасын ашуды ұсынады. Әрі «Қаладан – ауылға» бағдарламасының мүмкіндіктерін пайдалануды, яғни көпбалалы отбасыларды көбірек көшіруді сұрайды. Жалпы Орал өңірінде 405 ауылдық елді мекен болса, соның 105-і шекара маңында орналасқан. Ол ауылдарда 104 мың халық өмір сүреді.

Авторлары: Е. Жылқайдарұлы, Б. Жарылғасов, Э. Аюпов

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz