Ақтөбе билігі жайқалған саябақтың орнына кәсіпкерлік нысан салуға рұқсат берген, деп хабарлайды 24KZ. Құрмыш ауданындағы жасыл желек өскен аумақты жергілікті әкімдік жекенің меншігіне өткізіпті. Жердің жаңа қожайыны 20-ға жуық тал-теректі тамырымен қопарып үлгерген. Оның бұл ісіне тұрғындар наразылық танытып, саябақты сақтап қалуға тырысып жатыр.
Кеңес Нокин даңғылының Алтынбек Әкімжанов көшесімен қиылысы тұсына көшеттер 15 жыл бұрын егілген. Коммуналдық қызмет жұмысшылары тамыры терең жайылғанша мұқият суарып, нәтижесінде бұл жер саялы баққа айналды. Алайда өткен аптада тұрғындар ағаштарды отап жүрген техниканы байқаған.
Бағила Жантілеуова, қала тұрғыны:
- Трассаның бойы, қаншама машина өтіп жатыр, мына жерде «газ заправка» бар. Біздердің балалардың ойнайтын жері жоқ. Осында келіп ойнайды кешке жақын. Мына қолдан жасаған «скамейка» болды. Оны да алып тастады. Келіп отыратын адамдар бар. Біз осы скверді шаппасын деп жатырмыз. Біздің Ақтөбеде жер аз ба? Өздері екті әкімдік. Өздері суарды. Талдар қандай болып көтерілді. Бұлар енді құртып жатыр.
Бұл аумақта 200-ге жуық тал-терек бар. Мамыргүл мен мойыл сияқты бұталардан бастап еңселі көктерек пен үйеңкі, шаған ағаштары өсіп тұр. Тұрғындар жайқалған жасыл желектің айналасын абаттандырып, қоғамдық демалыс орнына айналдыруды өтінеді.
Құрмыш ауданындағы саябақты сақтап қалуды өтінген белсенді топ әкімдікке де, прокуратураға да арыз жазды. Билік өкілдері аталған жер телімін жеке кәсіп иесіне 2021 жылы берген. Алайда ағаштарды түп-тамырымен отауға рұқсаты жоқ деп отыр.
Шынболат Орынтай, қалалық сәулет бөлімі, урбанистика орталығы басшысының орынбасары:
- Орналасқан жердің жалпы көлемі 12 сотық. Кәсіпкер ол жерге рұқсат қағазы бойынша СТО, «мойка» салуға рұқсат алған 2021 жылы. «Арендадағы» жерден 5 талды басқа жерге орналастыруға ЖКХ-дан алған. Тұрғындардың наразылығы бойынша кешегіде жиналыс өткізіліп, қазіргі таңда тоқтатылып, қазіргі таңда МПС-пен «штраф протокол» толтырылды.
Қазір қоршалған аумақта адам қарасы көрінбейді. Тұрғындардың наразылығынан кейін кәсіпкермен қайтадан келіссөздер жүріп жатыр. Жасыл желекті жер телімін жекеге өткізген қала билігі енді ағаштарды аман сақтап қалудың амалын іздеп әлек.
Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков
Тегтер #Ақтөбе #саябақ #жасыл желек #24KZPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz