Түркістан облысында интернет-алаяқтық азаймай тұр, деп хабарлайды 24KZ. Бүгінгі заманның дертіне айналған қылмыс саны өңірде 5,5% өскен. Өткен жылы құзырлы органдар интернет-алаяқтықтың 113 дерегін анықтап, сотқа жолдады.
3 қылмыстық топ ұсталып, олардың 38 қылмыстық іске қатыстылығы анықталды. Нәтижесінде жәбірленушілерге 269 млн теңге қайтарылды. Бұл туралы «Заң мен тәртіп» қағидатын іске асыру мақсатында Түркістан қаласында өткен «Кибералаяқтық: алдын алу, қорғау, жауапкершілік» атты республикалық форумда айтылды. Сондай-ақ мамандар кибербақылау жүйесі арқылы заңға қайшы келетін 2 мың контентті бұғаттаған. Жиын барысында Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті мен IT-индустриясының білікті мамандары жұртшылыққа алаяқтарға алданбаудың әдіс-тәсілдерін көрсетіп, тәжірибесімен бөлісті.
Ермек Шәкім, облыстық ПД Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл басқармасы бастығының орынбасары:
- Қазір ең көп кездесетін интернет-алаяқтық қылмыстардың түрі – ол банк, казпошта, ұялы байланыс операторының қызметкері. Тіпті құқық қорғау органы қызметкері ретінде де хабарласып, біздің жәбірленушілердің жеке деректеріне қол жеткізіп жатыр. Жәбірленушілерге өздерінің таныстары, туыстары ретінде жазып, ақша сұрау арқылы алдау әрекеттері кеңінен тарап жатыр. Осы ретте мен жеке деректеріңізге сақ болып, келіп түскен қоңыраулар мен хабарламаларға сын көзбен қарап, оларды тексеру қажет. Жалған сілтемелерге кірмеуге кеңес беремін.
Тегтер #Түркістан облысы #интернет алаяқтар #киберқауіпсіздік #24KZ #Қазақстан жаңалықтарыPhone: +7 (7172) 757 485
E-Mail: 24kz@khabar.kz