RU
Толық нұсқаға өту

Жамбыл облысында балалар арасындағы қылмыс 30%-ға төмендеген

13.05.2025, 17:00 373

Биыл Жамбыл облысында балалар арасындағы қылмыс 30 процентке төмендеген.

Құзырлылар мұндай нәтижеге «қоғаммен байланыс» жобасы аясында жетіп отыр. Бүгінде прокуратураның бастамасымен барлық ауданда «Қауіпсіз балалық шақ» жобасы іске асуда. Жоба аясында бүгін Байзақ ауданында конференция өтті.

Қауіпсіз балалық шақ жобасы аясында ұйымдастырылған конференция Сарыкемер ауылындағы жайлы мектепте өтті. Басқосуға жергілікті билік өкілдері, психологиялық қолдау орталығы мамандары мен Қазақ ұлттық медициналық университетінің сарапшылары, педагогтер де қатысты. Жиында жасөспірімдерге қатысты қылмыс пен суицидтің алдын алу мәселелері талқыланды.

Ердос Мақашев, облыстық прокуратураның басқарма бастығы:

- Балалардың отбасында болып жатқан 3 қылмыстық жағдай анықталды. Қазіргі уақытта ол бойынша мектептер полиция органдарына хабарлап қылмыстық істер қозғалып тергелуде. Негізгі мақсатымыз ол жасырын қылмыстарды анықтап, соны шығарып сол проблемаларды шешу. Балаларға проблемаларды ашып қоғамға жеткізуге мүмкіндік беру болып табылады.

Аймақта бір жыл бұрын психологиялық қолдау орталығы ашылды. Мекеме мамандары мектеп психологтарын оқытып, біліктілігін арттыруда. Соның нәтижесінде қарапайым мектеп мамандары оқушыларға қатысты бірнеше жасырын қылмысты анықтаған. Бір жыл ішінде орталық қызметкерлері 110 мыңнан аса ата-анамен тікелей жұмыс істеп, балаларды толықтай диагностикадан өткізді.

Ришат Райф, облыстық психологиялық қолдау орталығының басшысы:

- Диагностиканың арқасында біз 317 баланы облыс бойынша тәуекел топқа алып отырмыз. Және де ол тәуекел топқа алынған балалармен мектеп психологтары емес, біздің орталықтың мамандары. Әр ауданға әр ауылға барып сол балаларға және ата аналарға тиісті көмек көрсетіп ары қарай тиісті мамандарға бағыттауда. 

Конференция аясында құқық қорғау мамандары оқушылармен бетпе-бет кездесіп сұрақтарына жауап берді. Ал мектеп педагогтеріне шеберлік сағаттары ұйымдастырылды.

Мерей Бает, Тимур Сейілхан, Елдар Байділдә

Тегтер

Phone: +7 (7172) 757 485

E-Mail: 24kz@khabar.kz